Ресеймен шекарадағы өткізу пункті жаңартылып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысындағы «Сырым» шекаралық өткізу пунктінде қайта жаңғырту жұмыстары екі ауысыммен жүргізіліп жатыр. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ хабарлады.
Жоба өткізу пунктінің инфрақұрылымын жаңартуға, оның өткізу қабілетін арттыруға, сондай-ақ азаматтар мен жүргізушілер үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
— Жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жалғасып жатыр. Жобаны іске асыру өткізу пунктінің инфрақұрылымын жақсартып, мемлекеттік шекарадан өту тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді, — деп хабарлады «ҚазАвтоЖол».
Еске салайық, бұған дейін Үкімет отырысында Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Қазақстанда жүк көліктерінің өткізу пункттерінен өту уақыты 30 минуттан аспауға тиіс екенін айтқан еді.