Ресеймен шекаралас облыстарда бидайды заңсыз тасымалдау әрекеттері байқалған

АСТАНА. ҚазАқпарат – Ресеймен шекаралас облыстарда заңсыз бидай импорты көп байқалған. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ресеймен шекаралас облыстарда бидайды заңсыз тасымалдау әрекеттері байқалған

«Соңғы бірнеше жыл бойы Павлодар облысы заңсыз астықты қабылдау және транзиттеу бойынша көш бастап тұр. Қазіргі маркетингтік маусымда Павлодар облысынан басқа, Ресеймен шекаралас Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарына да бидай көптеп жеткізілген. Мысалы, Павлодар облысы бойынша Қаржы мониторингі агенттігінің департаменті 2021-2022 жылдары Өзбекстанға, Ауғанстанға және Тәжікстанға 1 миллиард теңгеден астам сомаға 8,3 мың тонна ресейлік контрабандалық астықты экспорттаған ЖШС-ны анықтады», - деді Е. Тасжүреков Орталық коммуникациялар қызметінде.

Оның айтуынша, тағы бір қазақстандық компания жеңілдетілген экспорттық тарифті алу үшін отандық шаруа қожалықтарының жалған шот-фактураларын пайдаланған, бұл транзиттік тарифтен жалтаруға мүмкіндік берген және «ҚТЖ - Жүк тасымалы» ЖШС-не 150 миллион теңгеге жуық залал келтірген.

Ақтөбе мен Батыс Қазақстан облыстарына қатысты вице-министр бұл өңірлер бұрын-соңды дәнді дақыл өсірмегенін, өйткені ел батысында орташа өнімділік гектарына 8 центнерден аспайтынын айтты.

«Онда жиналған өнім ішкі тұтынуға қалдырылатын, оның ішінде тұқым мақсаттары үшін жетіспейтін көлемдер солтүстіктен сатып алынатын. Енді, кенеттен аталған өңірлерде экспорттық әлеует пайда болып, республиканың басқа өңірлеріне астық донорлары болып отыр», - дейді вице-министр.

Бұған дейін Ербол Тасжүреков Қазақстанға автокөлікпен бидай әкелуге неге тыйым салынғанын түсіндірген еді.

10 сәуірде Ауыл шаруашылығы министрінің «ҚР аумағына бидайды автомобиль көлігімен әкелуге тыйым салуды енгізу туралы» бұйырығы күшіне енді.