Ресеймен ықпалдастық нәтижесінде еліміздегі ақбөкендер саны артып келеді
«Біз жануарлар әлемін ерекше қамқорлыққа алудамыз. Егер 1993 жылы ақбөкендердің саны елімізде 1 млн. 300 мың болса, 2003 жылы бұл көрсеткіш бар болғаны 21 мыңды құрады. Осыдан кейін біз бірлесе отырып шиеленіскен жағдайды қалпына келтіруге күш сала бастадық. Нәтижесінде бүгінде ақбөкендер саны 10 есеге артып, қазірде олардың саны 200 мыңға жетті. Біз Ресеймен бірлесіп аталмыш жануар түрін қорғау туралы келісімге келдік. Оның нәтижесі әлден-ақ байқалып жатыр. Қазірде бөкеннің Оралдағы түрін 35 мыңға дейін жеткіздік. Келісімді құру барысында олардың саны 12-13 мың еді. Бұл да бірлескен жұмыстың нәтижесі», - дейді ол.
Вице-министрдің айтуынша, бірлескен жұмыстар орман өртіне қарсы тұруда да жалғасын табуда.
«Ортақ шекарамызды ескере отырып біз 2013 жылы орман өртіне қарсы тұру бойынша келісім түздік. Жыл сайын бірлескен оқу-жаттығу жұмыстарын өткіземіз. Шекарадағы кез-келген орман өртіне екі елдің өрт сөндіру қызметтері жұмылдырылады», - деді Е.Нысанбаев.
Сонымен қатар ол шекаралас өзендерді қалпына келтіруге бағытталған жұмыстарға да тоқтала кетті.
«Орал өзені мен Каспийді сақтау мен қалпына келтіру жүйесі бойынша және өзге де шекаралас өзендерді сақтауға бағытталған жұмыстарды жүргізуіміз керек», - дейді вице-министр.