Ресми деректер Қытай порттарынан шығарылған жүктің көлемі азаймағанын көрсетті

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ-пен сауда соғысы Қытай экономикасын кері кетіруі мүмкін деген болжам жасалғанына қарамастан, сәуір айындағы ресми мәліметтер елдегі порттардан шет елдерге жөнелтілген тауардың нақты көлемі өзгеріссіз қалғанын көрсетіп отыр. Бұл жайында Lianhe Zaobao басылымы хабарлады.

 Қытай порттарынан шығарылған жүктің көлемі азаймаған
Фото: china-briefing.com

Қытайдың Көлік министрлігі 6 мамырда жариялаған деректерге сәйкес, 27 сәуірге дейінгі бір апта ішінде елдегі порттар 6,7 миллион контейнер жөнелткен. Бұл көрсеткіш былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 7 пайызға артық.

Сингапурлық басылымның жазуынша, Қытайдың сыртқы сауда тасымалының басым бөлігі теңіз арқылы жүзеге асырылады, демек, бұл көрсеткіштер алда жарияланатын сәуір айының экспорттық деректері де тұрақты болатынын меңзейді.

Сәуір айында Қытайдың әуе тасымалы да айтарлықтай тұрақтылық байқатқан. Ресми дерекке сәйкес, 27 сәуірге дейінгі төрт апта ішінде халықаралық жүк рейстерінің саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30%-ға өскен. Бұл өсім Shein және Temu сияқты электрондық сауда платформаларының сату көлемінің күрт артуымен байланысты болуы мүмкін. Аталған платформалар шағын сәлемдемелерге арналған салықтық жеңілдік аяқталған 2 мамырға дейін өз тауарларын сыртқа белсенді түрде жөнелткен еді.

Bloomberg сарапшыларының пікіріне сүйенген басылым сәуір айында Қытай экспортының көлемі былтырғы сәйкес мезгілмен салыстырғанда 2,5%-ға өскен деп болжайды. Бұл наурыз айындағы 12 пайыздық өсімнен әлдеқайда бәсең болғанымен, АҚШ кедендік салықты күрт молайтқан күрделі кезеңде көңіл көншітпейтін нәтиже емес.

Алайда, екі ел арасындағы нақты сауда айналымының азайып келе жатқаны анық білінеді. Басылымның жазуынша, соңғы деректерге сәйкес, Қытай порттарына аялдап, сосын АҚШ-қа қарай жол тартқан жүк кемелерінің саны сәуір айының ортасындағы 73-тен соңғы күндері 47-ге дейін азайған.

Басылым сондай-ақ теңіз және әуе тасымалы жөніндегі ресми деректердің межелі уақыттан шамамен бір аптадай кеш жарияланғанына да назар аударыпты.

Еске салсақ, АҚШ Қытайдан құны 800 доллардан аз шағын сәлемдемелердің баж салығынсыз әкелінуін тоқтатқан болатын.

 

Соңғы жаңалықтар