Республика азаматы: Бір баланың тағдыры жүздеген үмітке жол ашты
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Қоғамдық жұмыстың бастауында кейде үлкен мақсаттан бұрын, жақыныңа көмектесудің жолын іздеген күндер тұрады. Қарағанды облысында инклюзия мәселесін көтеріп жүрген Гауһар Акижанова жеке тәжірибесін қоғамдық іске ұластырып, ерекше балалардың спортпен шұғылдануына, қабілетін ашуына және болашаққа сеніммен қарауына мүмкіндік жасап келеді.
«Республика азаматы» — елге еңбегімен үлес қосып, қоғамдағы өзгерісті нақты іспен бастайтын жандар. Олар үшін адам тағдырына бейжай қарамау, біреудің үмітін оятып, мүмкіндігіне жол ашу — азаматтық ұстанымның көрінісі.
Қарағандылық Гауһар Акижанова үшін де бұл сөздің мәні тереңде жатыр. Ерекше қажеттілігі бар баланың анасы ретінде ол өзі бастан өткерген өмірлік тәжірибені қоғамдық іске ұластырып, жүздеген баланың спортпен айналысуына, қабілетін танып, өзіне сенуіне мүмкіндік жасап келеді. Оның қоғам алдындағы жауапкершілігі, инклюзия жолындағы ізденісі мен «Республика азаматы» ұғымына көзқарасы туралы әңгімелестік.
«Қызымның тағдыры мені қоғамдық жұмысқа алып келді»
— Әлеуметтік осал топтағы азаматтардың құқығын қорғауды қоғамдық қызмет қана емес, азаматтық міндетім деп қабылдауыңызға не түрткі болды? Осы жолды бастауға себеп болған адам немесе оқиға бар ма?
— Менің қоғамдық жұмысқа келуіме ең алдымен ерекше қажеттілігі бар баланың анасы болуым себеп болды. Қызым Амина 13 жаста, егіз қызымның бірі. Оған балалардың церебралды сал ауруы (ДЦП) диагнозы қойылған. Үш қыз тәрбиелеп отырмын.
Амина дүниеге келгеннен кейін үлкен ізденіс жолым басталды. Қандай ем алуға болады, баламның қандай құқығы бар, қай мекемеге жүгіну керек — осы сұрақтардың бәріне жауап іздедім. Өз басымнан өткен жағдайлар арқылы ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың құқықтық, психологиялық және әлеуметтік қолдауға қаншалықты мұқтаж екенін түсіндім.
Бірте-бірте қоғамдық жұмысқа белсене араласып, басқа ата-аналарға бағыт-бағдар беруді, олардың өз құқықтарын қорғауына көмектесуді мақсат еттім. Мен өзім өткерген қиындықтарды өзге отбасылардың жалғыз еңсергенін қаламаймын. Сондықтан бұл жолға жай ғана қоғамдық белсенді азамат ретінде емес, ерекше баланың анасы ретінде келдім. Мұндай отбасылардың қандай күй кешетінін, қандай сұрақтарға жауап іздейтінін жақсы білемін. Олардың мәселесін сырттай бақылап қана қоймай, жүрегіммен түсінемін. Мен үшін қоғамдық қызмет — өмірлік тәжірибемнен туындаған азаматтық міндет.
«Ерекше баланың болашағы 18 жаспен шектелмеуі керек»
— Қарағанды облысының тұрғындары сізге көбіне қандай мәселелермен жүгінеді? Әлі де шешімін таппай келе жатқан, адамдардың күнделікті өміріне әсер ететін қандай түйткілдер бар?
— Қазір мені ерекше алаңдататын екі мәселе бар.
Біріншісі — ерекше қажеттілігі бар адамдарға, әсіресе параспортшыларға арналған қолжетімді спорт инфрақұрылымының жеткіліксіздігі. Бізге жай ғана спорт залы емес, мүмкіндігі әртүрлі адамдардың қажеттіліктеріне сай жабдықталған заманауи спорт кешені керек. Онда параспорт түрлеріне арналған залдар, арнайы тренажерлармен жабдықталған жаттығу орындары және мүгедектігі бар адамдарға толықтай қолжетімді бассейн болуы қажет. Мұндай бассейнде суға түсуге көмектесетін арнайы көтергіштер, ыңғайлы киім ауыстыру бөлмелері мен қауіпсіздік талаптарына сай жағдайлар қарастырылуы тиіс. Бұл — жайлылық мәселесі ғана емес. Осындай инфрақұрылым балалар мен ересектердің денсаулығын нығайтуға, оңалуына, спорттық қабілетін дамытуға және жоғары деңгейдегі жарыстарға дайындалуына жол ашады.
Екінші мәселе — ерекше балалардың 18 жастан кейінгі өмірі. Бұл сұрақ мені қоғамдық қызметте жүрген азамат ретінде де, ана ретінде де толғандырады.
Бала кәмелетке толған соң оның өмірі қалай жалғасады? Қайда білім алады, немен айналысады, жұмысқа орналасуға немесе қоғам өміріне араласуға қандай мүмкіндіктері болады? Әсіресе, өздігінен өмір сүруі қиын жастар мен олардың ата-аналары үшін бұл — үлкен проблема. Сондықтан 18 жастан асқан жастарға арналған күндізгі орталықтарын ашу, әлеуметтік бейімдеу бағдарламаларын дамыту, кәсіптік дағдыларды меңгеруге және жұмысқа орналасуға мүмкіндік беретін тетіктерді кеңейту қажет деп есептеймін. Ерекше баланың болашағы 18 жаспен шектелмеуі керек. Әр адам жасына және мүмкіндігіне қарамастан, дамуға, спортпен айналысуға, қоғамға араласуға және өз орнын табуға мүмкіндік алуға тиіс. Мұны жекелеген отбасының мәселесі деп қарастыруға болмайды. Бұл — қоғам болып шешетін ортақ міндет.
«Басында қолдау таба алмай, жылаған кездерім де болды»
— Өмірлік қиындыққа тап болып, өз мәселесін шешуге қауқарсыз қалған адамға қол ұшын созып, тығырықтан шығуына көмектескен кезіңіз есіңізде ме? Сол оқиғаның нәтижесі қандай болды?
— Мен үшін ерекше есте қалған оқиғалардың бірі — ерекше балаларға арналған спорттық жобаларды жүзеге асыру жолы. Бір кездері зияткерлік дамуында ерекшеліктері бар балалардың ата-аналары маған жиі келетін. Балаларының суды жақсы көретінін, жүзумен айналысқысы келетінін айтып, көмек сұрайтын. Мен де ерекше баланың анасымын ғой. Сондықтан олардың өтінішін жақсы түсінемін.
Осылайша, алты ата-ана бірігіп, «Батыл жүрек» қоғамдық қорын құрдық. Балаларымыздың диагноздары әртүрлі болғанымен, бәріміздің мақсатымыз ортақ еді: олардың болашағына жол ашып, өз қабілеттерін дамытуына мүмкіндік беру.
Мен ерекше балаларға арналған сауықтыру жүзу жобасын іске асыруды армандадым. Бірақ ойға алған істі жүзеге асыру оңай болған жоқ. Ұзақ уақыт ізденіп, талай есікті қақтым. Алғашында мемлекеттік қолдау табу қиынға соқты. Қолдау ала алмай, көңілім түсіп, жылаған кездерім де болды. Дегенмен балалардың болашағы үшін күресуді тоқтатпадым. Кейін әлеуметтік жобаларды дамыту қорынан қолдау тауып, көптен күткен бастамамды жүзеге асыруға мүмкіндік алдым.
Бүгінде Қарағанды облысының бес қаласында әлеуметтік тапсырыс аясында 6–18 жас аралығындағы 240 бала сауықтыру жүзуімен айналысады. Оларға 40 жаттықтырушы сабақ береді.
Биыл 12 бала республикалық жарыстарға қатысты. Ал Түркияда өткен халықаралық жарыста үш баламыз жүлделі орындарға ие болды. Бұл — ерекше қажеттілігі бар балалардың да үлкен жетістіктерге жете алатынын көрсететін нәтиже.
Сонымен қатар жеңіл атлетика бағытын қолға алдық. Қазір Қарағанды мен Теміртау қалаларында 48 бала осы спорт түрімен шұғылданып жүр.
Мен үшін мұның бәрі — үлкен жетістік. Өйткені біз бір ғана баланың немесе бір ата-ананың өтінішін орындаумен шектелген жоқпыз. Жүздеген баланың спортпен айналысуына, қабілетін ашуына және өзіне сенімді болуына мүмкіндік жасадық.
Менің мақсатым — ерекше балаларға спортпен шұғылдануға жағдай жасау ғана емес, олардың қоғамға араласып, өз мүмкіндіктерін танып, болашаққа сеніммен қарауына көмектесу.
«Адамның қадір-қасиеті оның әлеуметтік жағдайына байланысты емес»
— Неліктен қиын жағдайға тап болған адам кейде көмекке мұқтаж екенін ғана емес, құрметке лайық екенін де дәлелдеуге мәжбүр? Қоғамның осындай адамдарға деген көзқарасын қалай өзгертуге болады?
— Адам қиын жағдайға тап болғанда, одан көмек сұрағаны үшін өз қадір-қасиетін дәлелдеуді талап етуге болмайды. Әркімнің құрметке, тең мүмкіндікке және лайықты өмір сүруге құқығы бар.
Тұрғындармен жұмыс барысында кейде адамға әлеуметтік көмектен бұрын түсіністік, өз құқығын білу және мәселесін шешуге көмектесетін нақты бағыт-бағдар қажет екенін байқаймын. Бұл, әсіресе, ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға, мүгедектігі бар азаматтарға және өмірдің қиын жағдайына тап болған адамдарға қатысты.
Менің ойымша, қоғамның көзқарасын өзгерту үшін үш бағытқа басымдық беру керек.
Біріншіден, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру қажет. Әр адам өз құқығын біліп, оны қорғау үшін қайда және қалай жүгіну керектігін түсінуге тиіс.
Екіншіден, мемлекеттік органдар мен әлеуметтік қызметтер жұмысында адамға құрметпен қарау мәдениеті қалыптасуы керек. Өтінішке уақытында жауап беру, мәселені мұқият қарастыру және нақты көмек көрсету — қалыпты жұмыс тәртібі болуы қажет.
Үшіншіден, білім алу, спортпен айналысу, жұмысқа орналасу және қоғамдық өмірге араласу үшін баршаға тең әрі қолжетімді жағдай жасалуы керек.
Менің басты ұстанымым — әлеуметтік осал топтағы азаматтар көмек сұрағаны үшін өз қадір-қасиетін дәлелдеуге тиіс емес. Адамның қоғамдағы орны мен оған деген құрмет оның әлеуметтік жағдайына байланысты болмауы керек.
Әр азамат өзін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінетін орта қалыптастыруға тиіспіз. Бұл бір мекеменің немесе бір топ белсендінің ғана міндеті емес. Ол — бәрімізге ортақ жауапкершілік.
«Мәселені көтеру ғана емес, шешімге ықпал ету маңызды»
— Халық кеңесі мен Қарағанды облысының Қоғамдық кеңесіндегі қызметіңіз барысында жеке адамның мәселесінен асып, басқа азаматтарға да пайдасы тиетін шешімнің қабылдануына ықпал еткен кезіңіз болды ма?
— Халық кеңесі — жаңадан құрылған қоғамдық институт. Қызметіне көп уақыт өте қоймаса да, мен бұл алаңды қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, азаматтардың ұсыныстарын жеткізуге мүмкіндік беретін маңызды тетік деп санаймын.
Қазір маған үш бастама келіп түсті. Олардың барлығы қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге, азаматтардың құқықтарын қорғауға және әлеуметтік осал топтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.
Әр бастаманы жан-жақты қарастырып, тиісті деңгейде талқылап, нақты шешімге жеткізу үшін уақыт қажет. Сондықтан әзірге олардың нәтижесі туралы нақты мысал келтіруге ерте.
Мен үшін ұсыныстың жай ғана айтылып, хаттамада қалуы жеткіліксіз. Оның нақты іске ұласып, адамдардың өміріне пайда әкелгені маңызды. Қоғамдық жұмыстың нәтижесі көтерілген мәселенің санымен емес, сол мәселелердің қаншасы шешімін тапқанымен өлшенуі керек деп ойлаймын.
Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмысымыз нақты нәтиже беріп, оң өзгерістер туралы айтуға мүмкіндік туады деп сенемін.
Менің ұстанымым қарапайым: мәселені көтеру ғана емес, оның шешілуіне ықпал ету маңызды.
«Инклюзия пандуспен ғана өлшенбейді»
— Қарағанды облысындағы әлеуметтік қолдау жүйесінде бірінші кезекте нені өзгерту қажет деп ойлайсыз? Егер бір ғана мәселені түбегейлі шешуге мүмкіндік берілсе, қай бағытты таңдар едіңіз?
— Мен инклюзивті мәдениетті қалыптастыруға басымдық берер едім. Себебі қолжетімді орта дегеніміз — пандус орнату немесе ғимаратқа арнайы жағдай жасау ғана емес.
Инклюзия адамның қоғамда өзін еркін сезінуінен, өз қабілетін дамытуына мүмкіндік берілуінен және айналасындағылардың оны тең дәрежеде қабылдауынан басталады.
Әр адамның өз мүмкіндігіне қарай білім алуға, дамуға, басқа адамдармен араласуға және қоғамнан өз орнын табуға құқығы бар. Сондықтан әлеуметтік қолдаудың мақсаты адамды тек қамқорлыққа алу немесе оған жәрдемақы төлеумен шектелмеуі керек. Ең бастысы — оның өмір сүру сапасын жақсартып, дербестігін арттыруға көмектесу.
Біз кейде ерекше қажеттілігі бар адамдарға не беру керектігін ойлаймыз. Ал олардың өздері нені қалайтынын, қандай қабілеті барын және нені жүзеге асырғысы келетінін сұрауға дағдылануымыз керек.
Адамға сенім білдіріп, таңдау жасауына мүмкіндік бергенде ғана оның қоғамдағы белсенділігі артады. Ең маңыздысы — әр адамның өзін қоғамның бір бөлігі ретінде сезінуі, ал айналасындағылардың оны түсініп, қабылдауы.
«Оның арманы жоқ екенін естігенде, қатты таңғалдым»
— Өзгенің қайғысы мен қиындықтарына куә болып, олардың тағдырына араласу оңай емес. Осы жылдар ішінде жаныңызға ерекше әсер етіп, әлі күнге дейін есіңізден кетпейтін оқиға бар ма? Ол сізге не үйретті?
— Есімде ерекше сақталған оқиғалардың бірі пандемиядан кейінгі кезеңмен байланысты.
Жаңа ашқан спорт секциямызға бочча спортымен айналысуға 14 жастағы бір қыз келді. Бір күні одан: «Арманың бар ма?» деп сұрадым. Ол маған: «Менің арманым жоқ», — деп жауап берді.
Бұл сөз мені қатты таңғалдырды. Оның жауабынан болашаққа деген сенімінің аздығын, өмірге қызығушылығының төмен екенін сезгендей болдым.
Сонда мен оған: «Жарайды, бір жылдан кейін осы сұрақты саған тағы қоямын. Бірақ сол уақытқа дейін бірге армандаймыз, мақсат қоямыз және сол мақсаттарға жету үшін еңбек етеміз», — дедім.
Содан кейін біз тек спортпен айналысып қана қоймай, оның өзіне деген сенімін қалыптастыруға да күш салдық. Қыз бочча жарыстарына қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Республикалық және халықаралық жарыстарда жетістіктерге жетті. Сонымен қатар жүзумен де айналысты.
Бүгінде ол — 20 жастағы бойжеткен, студент және біздің мақтанышымыз — параспортшы. Оның көзіндегі жарқылды, өмірге деген қызығушылығын, алдына мақсат қойып, сол мақсатына ұмтылғанын көру мен үшін үлкен бақыт.
Ең қуаныштысы — осы өзгеріс оның анасына да әсер етті. Қызының жетістіктері анасына сенім мен үміт сыйлады. Өйткені баланың бойындағы өзгерісті көргенде, ата-ананың да болашаққа деген көзқарасы өзгереді.
Бұл оқиға маған көп нәрсе үйретті. Кейде адамға өз мүмкіндігін көрсету үшін үлкен нәрсенің қажеті жоқ. Оған сенетін бір адам, қолдайтын орта және өзін сынап көруге мүмкіндік керек.
Мен үшін ең үлкен жеңіс — медаль алу ғана емес. Адамның өзіне сеніп, «Менің қолымнан келеді!» деп айта бастауы әлдеқайда маңызды. Кейде бір ауыз сөз, бір адамның сенімі және дер кезінде берілген мүмкіндік тұтас бір тағдырды өзгерте алады.
Сондықтан мен әр баланың бойынан мүмкіндікті көруге тырысамын. Баланың бүгінгі жағдайына қарап, ертеңгі мүмкіндігіне шек қоюға болмайды. Ең бастысы — армандаудан қорықпау, өзіңе сену және сол арманға жету жолында тоқтамау.
«Елге қызмет ету — бір адамның өміріне жарық сыйлау»
— Сіз үшін «Республика азаматы» болудың мәні неде? Еңбегіңіздің ел игілігіне қызмет етіп, адамдардың өміріне оң өзгеріс әкеліп жатқанын қалай түсінесіз?
— Мен үшін «Республика азаматы» болу — өз еліңе адал қызмет ету, қоғам алдындағы жауапкершілікті сезіну және адамдардың өміріне нақты оң өзгеріс әкелу. Бұл — құр сөзбен емес, күнделікті еңбегіңмен, бастамаларыңмен және жасаған жақсылығыңмен дәлелденетін азаматтық ұстаным.
Елдің болашағы әрқайсымыздың бүгінгі ісімізден басталады. Қоғам өзгерсін десек, өзгерісті өзімізден бастауымыз керек. Өйткені елге қызмет ету — биік мінберден айтылған сөз ғана емес, бір адамның өміріне жарық сыйлайтын нақты әрекет.
Осы ұстанымның бір көрінісі — бес жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан инклюзивті би тобымыз. Бұл топта ерекше қажеттілігі бар балалар, олардың бауырлары мен ата-аналары бір сахнада өнер көрсетеді. Олар бірлік пен өзара құрметтің шынайы үлгісін көрсетіп келеді.
Сахнада олар тек би билеп қана қоймайды. Өз мүмкіндіктерін танытып, қоғамдағы кедергілерді еңсеруге болатынын дәлелдейді. Әр адамның қабілеті мен арманына жол ашуға болатынын көрсетеді.
Жастарға айтарым: қоғамға пайда әкелу үшін міндетті түрде жоғары лауазым иесі болудың қажеті жоқ. Студент, ана, жүргізуші немесе жаттықтырушы бола жүріп те, өз біліміңмен, қабілетіңмен және бастамаңмен игі іске үлес қоса аласың. Ең бастысы — айналаңда болып жатқан жағдайларға бейжай қарамау және жасаған жақсылығың үшін міндетті түрде бір нәрсе күтпеу.
Мен үшін «Республика азаматы» болу — атақ емес, нақты іс. Еліңді сүю дегеніміз — адамдарға мүмкіндік беру, олардың алдындағы кедергілерді азайту және ешкімнің қоғамнан шет қалмауына күш салу.
Егер бір баланың өзіне деген сенімі артып, бір отбасының үміті оянып, бір адамның өмірінде жақсы өзгеріс болса, еңбегіңнің зая кетпегені. Ал осындай мүмкіндіктер жүздеген адамға жол ашса, оның қоғам үшін маңызы тіпті зор.