Республика азаматы: Юлия Полонскаяның әлемдік саясаттан ақпарат таспасына дейінгі журналистік жолы

АСТАНА. KAZINFORM — Саяси журналистика, халықаралық іссапарлар және әлемдік саясаттың маңызды оқиғалары — Юлия Полонскаяның кәсіби жолының негізгі бағыты. Бүгінде «ҚазАқпарат» агенттігінің конвергентті редакциясының редакторы медианың түрлі форматтарын ұштастырып, ақпаратты оқырманға жедел әрі сапалы жеткізу бағытында еңбек етіп жүр.

Юлия Полонская
Фото: Видеодан скрин

— Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық еткен кезде Нью-Йоркте, БҰҰ штаб-пәтерінде жұмыс істеу бақыты бұйырды. Бұл, әрине, өмірімдегі ең есте қалған іссапар болды. Өйткені ол мен үшін ең қызықты тәжірибе еді. Бұл — әлемдік саясаттың ортасындағы жұмыс. Онда келіссөздердің қорытындысын ғана емес, қанша меморандумға қол қойылғанын, қандай келісімдер жасалғанын ғана емес, келіссөздердің қалай жүргізілетінін де өз көзіңмен көресің, — деді ол.

Юлия Полонская
Фото: Видеодан скрин

Юлия Полонская журналистикадағы еңбек жолын газет басылымдарынан бастаған. Бүгінде ол Президент Телерадиокешенінің баспасөз, телевизия және әлеуметтік желілерді біріктіретін конвергентті редакциясының жұмысын үйлестіреді. Бұл — кейіпкеріміз үшін кәсіби тұрғыдан жаңа сынақ.

— Меніңше, журналистиканы сүймейтін және өмірдің сан қырлы көріністеріне қызықпайтын адам конвергентті редакциядағы жұмысқа төтеп бере алмайды. Өйткені бұл — оңай кәсіп емес. Материалдың ақпараттық таспада қалай көрінетінін де, телевизиялық сюжетте қалай берілетінін де бір мезгілде ойлауға тура келеді, — деді Юлия Полонская.

Юлия Полонская
Фото: Видеодан скрин

Оның әріптесі, «ҚазАқпарат» агенттігінің шолушысы Ержан Өтепқалиев кейіпкердің тыңдай білетінін, жұмыс ортасында жағымды ахуал қалыптастырып, адамдарды ортақ мақсатқа жұмылдыра алатынын атап өтеді. Өйткені журналистика — жеке тәжірибе мен талант қана емес, өзара түсіністік пен сенімге негізделген бірлескен еңбектің нәтижесі.

— Ерекше атап өткім келетіні — оның зияткерлік деңгейі жоғары әрі әзіл-қалжыңды жақсы түсінеді, — дейді ол.

Юлия Полонская
Фото: Видеодан скрин

Іссапарларға, шұғыл материалдарға және күн тәртібіндегі оқиғалардан үнемі хабардар болуға негізделген қарбалас кәсіби өмірдің ар жағында отбасы тіршілігі де бар. Юлияның айтуынша, бұл жағынан да жолы болған.

— Өмірім жұмыс кестеме өздігінен бейімделіп кеткен сияқты. Екеуі де үйлесімді қатар жүріп келеді. Әйел адам таңдау жасауы керек, көбіне бір нәрседен бас тартуға мәжбүр болады деген пікір бар ғой. Бақытыма орай, маған таңдау жасауға тура келген жоқ, — деді Юлия Полонская.

Осыған дейін Дина Аймағамбетованың Jibek Joly және Silk Way телеарналарының эфирлік қызметі туралы жазғанбыз.