Республика азаматы: Жетісулық бір әулеттің теміржол саласындағы еңбек өтілі – 347 жыл
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM - Жетісу облысы Қаратал ауданындағы Әбішевтер әулетінің тоғыз өкілінің теміржол саласындағы жалпы еңбек өтілі 347 жылға жетеді. Бір әулеттің бірнеше буыны осы саланы таңдап, өмір бойы теміржолда еңбек етіп келеді.
Солардың бірі – әке жолын жалғап, ғұмырының 44 жылын теміржолға арнаған Светлана Әбішова. Ол отбасында қалыптасқан еңбек дәстүрі туралы әңгімеледі.
Әбішевтер әулетінің теміржолдағы тарихы Наурызбай Әбішевтен басталады. Ол 1934 жылы дүниеге келген. Еңбек жолын небәрі 14 жасында теміржолдан бастаған Наурызбай Әбішев жылдар өте жол монтерінен бригадир, жол шебері, станция кезекшісі және станция бастығы қызметтеріне дейін көтерілді. Теміржол саласында 60 жасына дейін еңбек етіп, ғұмырының басым бөлігін осы кәсіпке арнады.
Наурызбай Әбішевтің қызы Светлана көпбалалы отбасында өсті. Анасы Ташен Әбішова бала тәрбиесімен айналысса, әкесі күн сайын жұмысқа асығатын. Теміржолдағы тіршілік Светлананың бала кезінен көз алдында өтті. Әкесінің өз ісіне деген жауапкершілігі мен еңбекке адалдығы оның мамандық таңдауына да әсер етті.
— Әкем өмір бойы теміржолда жұмыс істеді. Біз көпбалалы отбасында өстік. Анамыз бала тәрбиесімен айналысты, ал әкем жол монтері болып еңбек етті. Бала кезімнен оның жұмысының қаншалықты жауапты екенін көріп өстім. Сол кезден бастап осы мамандыққа құрметім қалыптасқан шығар, — деп еске алады Светлана Әбішова.
1984 жылы Алматыдағы №48 кәсіптік-техникалық училищені бітірген Светлана еңбек жолын Үштөбе станциясында бақылау бекетінің операторы болып бастады. Кейін парк кезекшісі, оператор, станция кезекшісінің көмекшісі қызметтерін атқарды. 1997 жылдан бастап станция кезекшісі болып жұмыс істеді.
Станция кезекшісінің жұмысы үлкен жауапкершілік пен мұқияттылықты талап етеді. Ол пойыздардың қозғалысын бақылап, сигналдарды қадағалайды, әріптестерімен байланыста болып, қажетті шешімдерді уақытында қабылдауы керек. Жолаушылар үшін пойыздың келуі мен жөнелтілуі қалыпты көрінгенімен, оның артында қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мамандардың тынымсыз еңбегі жатыр.
— Теміржолда алаңдауға болмайды. Үнемі мұқият болып, жағдайға жылдам әрекет етіп, міндеттеріңді нақты орындау қажет. Біз ауысыммен жұмыс істейміз, демалыс және мереке күндері де қызмет атқарамыз. Соған қарамастан, мен өз мамандығымды әрдайым жақсы көрдім. Көп нәрсе ұжымға байланысты. Барлығы бірлесе, үйлесімді жұмыс істеуі керек, — дейді Светлана Әбішова.
Светлана теміржолда 44 жыл еңбек етіп, мол тәжірибе жинақтады. Оның кәсіби жолының басым бөлігі Үштөбе станциясында өтті. Мұнда ол қозғалыс қауіпсіздігіне ортақ жауапкершілікпен қарайтын әріптестерімен бірге қызмет атқарды. Бүгінде зейнет демалысында жүргенімен, оның еңбек жолы Әбішевтер әулетінің теміржол тарихының бір бөлігіне айналды.
Бұл әулетте теміржол мамандығын таңдағандар аз емес. Наурызбай Әбішевтің жолын Светлананың үш бауыры – Данияр, Мадияр және Мадимар да жалғастырды. Олардың әрқайсысы салада ұзақ жылдар еңбек еткен. Даниярдың еңбек өтілі – 37 жыл, Мадиярдікі – 40 жыл, ал Мадимардікі – 45 жыл.
Бауырларының жұбайлары да теміржол саласында қызмет етті. Мадимардың әйелі Раушан осы салаға 40 жылын арнаса, Мадиярдың жұбайы Назиманың еңбек өтілі 35 жылға жеткен.
Светлананың жұбайы Мұрат Байболовтың да еңбек жолы теміржолмен тығыз байланысты. Ол осы салада 39 жыл жұмыс істеп, 2021 жылы зейнетке шықты. Осылайша, теміржол Әбішевтер отбасы үшін бірнеше ұрпақты байланыстыратын ортақ кәсіпке айналды.
Отбасылық дәстүрді жалғастырғандардың қатарында Светлананың ұлы Нұрлан Байболов та бар. Ол 2004 жылы Алматыдағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясын бітіріп, теміржол саласына жұмысқа орналасты. Қазір Үштөбе станциясында кезекші болып қызмет етеді. Саладағы еңбек өтілі – 21 жыл.
— Мен де мамандық таңдағанда көп ойланған жоқпын. Теміржолда әр адамның еңбегі маңызды. Жолшылардың, машинистердің, байланысшылардың және станция кезекшілерінің әрқайсысы өз міндетін атқарады, — дейді Нұрлан Байболов.
Нұрлан атасы мен әкесінің жолын жалғастырды. Светлананың бауырларының балалары да теміржол саласында еңбек етіп жүр. Сөйтіп, Наурызбай Әбішев бастаған дәстүр бірнеше буынға жалғасты.
Әулеттің тоғыз өкілінің еңбек өтілін қосқанда, жалпы көрсеткіш 347 жылға жетеді. Олардың қатарында Наурызбай Әбішев, Светлана Әбішова, оның жұбайы Мұрат Байболов, үш бауыры, бауырларының екі жұбайы және ұлы Нұрлан бар. Бұл – жай ғана сан емес, ондаған жыл бойы атқарылған адал еңбектің, жинақталған тәжірибе мен үлкен жауапкершіліктің көрінісі. Оның үстіне, теміржолда еңбек етіп жүрген әулет мүшелері мұнымен шектелмейді.
Әбішевтер отбасының тарихы мамандық таңдауда отбасылық тәрбиенің де маңызы зор екенін көрсетеді. Наурызбай Әбішевтің еңбекке деген адалдығы балаларына үлгі болды. Қызы әке жолын жалғастырса, немерелері де осы саладан өз орнын тапты.
347 жылдық еңбек өтілі – теміржолды жай ғана жұмыс орны емес, әулеттің өмірлік таңдауына айналдырған бірнеше буынның тарихы. Олардың әрқайсысы өз міндетін абыроймен атқарып, ортақ іске үлес қосты. Бүгінде Жетісудан шыққан теміржолшылар әулеті аға буынның жолын жалғап, кәсіби дәстүрді кейінгі ұрпаққа жеткізіп келеді.
Еске салсақ, бұған дейін әке жолын жалғаған орманшы туралы жазған болатынбыз.