17:38, 03 Наурыз 2009 | GMT +5
Республика бойынша 900 мыңға жуық адамның жұмыстан босап қалу қаупі бар
АСТАНА. Наурыздың 3-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Республика бойынша 900 мыңға жуық адамның жұмыстан босап қалу қаупі бар.
Бұл туралы «Қазақстан Республикасындағы халықты жұмыспен қамтудың өзекті мәселелері» атты дөңгелек үстелде «Нұр Отан» ХДП фракциясы жанындағы Әлеуметтік кеңес төрайымы Айткүл Самақова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2009 жылғы қаңтардың 1-індегі жағдайға сәйкес республикада ресми тіркелген жұмыссыздар 559 мыңды құрап отыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің болжамдары бойынша 900 мыңға жуық адам жұмыстан босап қалу қаупінде тұр. Бұл санатқа негізінен кен қазу мен өңдеу кәсіпорындары саласының жұмысшыларын жатқызуға болады. Әрине, табиғи қазба байлықтары мол Қазақстанда жағдай соншалық күрделі болады деп ойламаймыз», - деді А. Самақова.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметтері бойынша, соңғы уақыттарда қайта құрылған жұмыс орындарына 348 мыңға жуық адам орналасқан. Бұнымен қоса жаңа ашылған әлеуметтік жұмыс орындарына 10 мың жұмысшы, қоғамдық жұмысқа 123 мың адам тартылған. Кәсіби даярлық пен қайта даярлаудан өткізуге 46 мың адам жіберу жоспарланған. «Осыларды ескергеннің өзінде шамамен алғанда 530 мыңдай адам жұмыспен қамтылады екен. Яғни, бұл жұмыстан босап қалуы қаупі туындаған әрбір сегізінші азаматты ғана еңбекпен қамтуға болады деген сөз. Сондықтан да, «Нұр Отан» ХДП жанындағы Әлеуметтік кеңес жаппай жұмыссыздықтың алдын алуға қатысты ұсынымдар әзірлеуді қолға алып отыр», - деді А. Самақова.