Республика көлемінде қылмыстарға «мүлдем төзбеушілік» акциясы өтеді - ІІМ
Осыған байланысты 28 - 30 қыркүйекте, «Тәртіпсіздік пен құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік» кең ауқымды республикалық акциясын өткізу жоспарлануда. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметінен хабарланды.
Акцияның мақсаты, халықта тәртіпсіздік пен ұсақ құқық бұзушылықтарға «мүлдем төзбеушілік» қағидатын қалыптастыру, азаматтардың құқықтық танымы мен құқықтық мәдениетін көтеру болып табылады. Шараға барлық мүдделі мемлекеттік органдар соның ішінде Бас прокуратура, Білім және ғылым, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрліктері, «Нұр-Отан» партиясы, қоғам өкілдері, құқық қорғау саласындағы қоғамдық құрылымдар, ҮЕҰ және аумақтық ішкі істер органдары қатысады деп күтіледі.
«Жалпы биылғы өткен 8 айда ұсақ бұзақылықтардың жасалуына қоғамдағы мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру шеңберінде аталған санатқа жатқызылған құқық бұзушылықтарды анықтаудың өсуі байқалған. Мәселен, қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктерді ішу және мас күйде болу - 10 пайызға, жекелеген қоғамдық орындарда темекі шегуге тыйым салу қағидаларын бұзу - 35,4 пайызға, «иттер мен мысықтарды асырау және серуендету қағидаларын бұзу» - 86,6 пайызға дейін өсуі тіркелді. Бұдан бөлек, жүргізушілердің көлік құралдарын басқару кезінде телефондарды не болмаса радиостансаларды пайдалануы - 2,6 есеге, көлік құралдары жүргізушілерінің белгіленген жол жүрісі жылдамдығын асыруы - 1,8 есеге, жаяу жүргіншілердің және өзге де жол жүрісіне қатысушылардың жол жүрісі қағидаларын бұзуы - 1,4 есеге өсуі тіркелген», делінген баспасөз баянында.