Республика күні қарсаңында Ақмола облысында жаңа топтық су құбыры іске қосылды
АСТАНА. KAZINFORM - Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су шаруашылығы комитеті жаңа топтық су құбырын іске қосты. Нысан Ақмола облысы Сандықтау ауданының үш ауылын орталықтандырылған сумен қамтамасыз етеді. Бұл елді мекендерде 1,1 мыңнан астам адам тұрады, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Жаңа су құбырын іске қосу рәсіміне Су ресурстары және ирригация министрлігі Су шаруашылығы комитеті төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы Бұлан Тұрлыбеков пен Сандықтау ауданының әкімі Серік Құдабай қатысты.
-Жаңа су құбыры Красная Поляна, Петриковка және Арбузинка ауылдарын ауызсумен қамтамасыз ету сапасын жақсартады. Жоба аясында ұзындығы 22,1 шақырым су құбыры тартылып, су алуға арналған екі ұңғыма бұрғыланды. Сондай-ақ су жинау алаңы және сорғы станциялары бар екі су құбыры құрылыстарының алаңы салынды. Бұдан бөлек, 123 құдық орнатылып, электрмен жабдықтау жұмыстары жүргізілді, - деді Су ресурстары және ирригация министрлігі Су шаруашылығы комитеті төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы Бұлан Тұрлыбеков.
Елімізде су ресурстарын қалай ұтымды пайдалануға болатынын мына материалдан оқыңыздар.