Республика күні: Көкшетауда 65 отбасы жаңа пәтердің кілтін алды
Республика күніне орай Көкшетауда 65 отбасына пәтерлердің кілті табыс етілді. Олардың арасында көпбалалы, тұрмысы төмен отбасылар мен жетім балалар бар, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Сарыарқа шағын ауданында салынған бес қабатты екі жаңа тұрғын үйден пәтер кілтін тапсыру рәсіміне қала басшысы Бауыржан Ғайса қатысып, шаңырақ иелерін Республика күнімен және бүгінгі қуаныштарымен құттықтады.

«Баршаңызды келе жатқан Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл күн - әрбір қазақстандық үшін маңызды мереке. Бүгін осы мерекеге орай, Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде салынған тұрғын үйлерден жаңа пәтерлердің кілтін тапсырып отырмыз. Яғни, 65 отбасы баспаналы болып отыр», - дей келе қала әкімі баспаналы болған көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылар мен жетім балаларға жаңа пәтерлердің кілтін табыс етті.
Осы орайда, жаңа үйден үш бөлмелі пәтер алғандардың бірі - Шолпан Нұғыманова. Бүгінде 14 бала тәрбиелеп бүгінде 93-ке келген көпбалалы ана – тыл еңбеккері.

«Он төрт баланы өсіріп, одан 20 немере, 4 шөбере сүйіп отырмын. Тылда еңбек еттім. Осы пәтерді 17 жыл күттім. Еліміздің айшықты мерекесі – Республика күні қарасаңында баспаналы болғаныма өтте бақыттымын. Енді осы үйде отбасыммен бақытты ғұмыр кешеміз деген ойдамыз. Осындай игі іске қол ұшын созған азаматтарға айтар алғысым шексіз», - деп қуанышымен бөлісті қария.

Жаңа үйден баспаналы болғандардың арасында көпбалалы ана Наталья Панасюра да ұзақ жыл баспанасыз жүрген.
- Мен көп балалы анамын, пәтер кезегін 14 жыл күттім. Кіші ұлым дүниеге келген сәттен бастап бүгінгі күнге дейін жалдамалы пәтерде тұрып келдім. Бүгін мемлекеттің қолдауының арқасында қаланың жаңа шағынауданынан төрт бөлмелі пәтер алып отырмын. Әлі де, қуанышыма сенер алар емеспін, - дейді көпбалалы ана.

Қала әкімі атап өткендей, бүгінгі таңда облыс орталығында баспана кезегінде 9 мыңнан астам адам тұр. Жыл басынан бері 6 тұрғын үй бөй көтерген, оның ішінде 2 тұрғын үй Республика күніне орай пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 6 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысын аяқтау жоспарланған.
Айта кетсек, бұдан бұрын Көкшетауда 40 отбасы жаңа пәтерлердің кілтін алғанын жазған едік.

