Республика күні өңірлерде қалай тойланады

Астана: Айтыс, бәйге, Роза Рымбаеваның, 2rar, Yenlik және Қайрат Нұртастың концерті
«Биыл Республика күні мерекесіне орай 100-ден астам мерекелік шара өткізуді жоспарладық. Оның басым бөлігі – мәдени-бұқаралық шаралар. Мәселен, 25 қазан күні 8 үлкен концерт өтеді. Театр сахналарында тақырыпқа сай қойылымдар қойылады. Ең ауқымды мәдени шара – ЭКСПО аумағындағы концерттік бағдарлама болмақ. Онда танымал шығармашылық ұжымдар, әншілер, ансамбльдер өнер көрсетеді», - деді Д. Бабамұратов Қазақстан халқы Ассамблеясында өткен ғылыми-практикалық конференцияда тілшілерге берген сұхбатында .
Оның айтуынша, 25 қазан күні елорда ипподромында Аламан бәйге мен ат жарысы өтеді.
«Одан бөлек, жарыс түріндегі 20-дан астам спорттық шаралар да жоспарда бар. Барлық білім беру ошақтарында, мектептер мен жоғары оқу орындарында Республика күніне арналған дөңгелек үстелдер мен конференциялар өтеді. Мұның бәрі жас ұрпаққа Республика күнінің маңызын түсінуге ықпал етеді», - деді Дәурен Бабамұратов.
Биыл Мемлекеттік сыйлық лауреаттарын марапаттау Республика күні қарсаңында өтеді.
Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметі бойынша, Қазақстанда Республика күнін атап өтуге белсенді дайындық жүріп жатыр.
17-21 қазан аралығында Қазақ ұлттық өнер университетінде XXV халықаралық «Шабыт» шығармашылық жастар байқауы өтіп жатыр.
Ал, 18 қазанда басталған Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының қабырғасында Қазақстан драма театрларының республикалық фестивалі 23 қазанда мәресіне жетеді.
21 қазанда «Бозоқ» Ұлттық саябағының аумағында ежелгі Бозоқ қалашығын қайта құрудың басталғаны туралы тарихи еске алу капсуласын салу рәсімі өтеді.
21 қазанда Күләш Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған республикалық орта мамандандырылған музыка мектеп-интернатының ұйымдастыруымен «Республика күніне арнау» концерті болады.
21 қазанда Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейі «Қазақстан – балалар көзімен» атты көрме өткізеді.
22 қазанда Алматыдағы орталық мемлекеттік музейде «Тәуелсіз Қазақстан» залы реэкспозициясының тұсаукесері ұйымдастырылады.
24 қазанда Ұлттық академиялық кітапханада «Менің Республикам» ақындар сайысы өтеді.
Сондай-ақ, 24 қазанда Абай облысында орналасқан «Жидебай-Бөрілі» Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық мұражайы «Республика күні – ұлттық мереке» атты кітап көрмесін ұйымдастырады.
25 қазанда «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының камералық залында «Қазақстан камератасы» классикалық музыка ансамблі ұйымдастырған «Мерекелік шашу» концерті өтеді.
25 қазанда Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының қолдауымен «Өнеріміз саған, Қазақстан!» концерті болады.
Сондай-ақ, 25 қазанда Ұлттық музейде «Ұлттың ұлы ұстындары» республикалық шығармашылық байқауы өтеді.
Сонымен қатар, 25 қазанда Бейбітшілік және келісім сарайында 2rar, Yenlik және Қайрат Нұртас концерті береді.
Сол сияқты 25 қазанда Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында «Баян сұлу - Қозы Көрпеш» спектаклі көрсетіледі.
Ал, «Қазақстан» орталық концерт залында Роза Рымбаева концерт береді.
26-28 қазан аралығында «Ұлытау» тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығында «Алтын Орданың тарихи-мәдени мұрасы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтеді.
Алматы: Отшашу, марафон, ұлттық ойындар фестивалі
21 қазан күні сағат 11:00-де Қазақстан-Британ техникалық университетінде Республика күніне арналған ғылыми-практикалық конференция өтеді.
22 қазан күні сағат 12:00-де Қазақстан-Британ техникалық университетінде мемлекеттік және ведомстволық наградалар, алғыс хаттар салтанатты түрде тапсырылады.
22 қазан күні сағат 17:00-де Республика сарайында қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен салтанатты концерт өтеді.
23 қазан күні сағат 7:00-ден 13:00-ге дейін Charity Music Nur жаппай қайырымдылық жарысы өтеді. Жарыс Тұңғыш Президент саябағынан басталады. Қатысушылардың жоспарланған саны – 1700-2000 адам. Жарыс келесі қашықтықтарда өткізіледі: балалар жарысы (2 км – 7-14 жас), скандинавиялық серуендеу (10,5 км), 10,5 км жүгіру және 21 км. Қатысушылардың жиыны сағат 6:00 деп белгіленген.
25 қазан күні сағат 10.00-де «Медеу» кешенінің алдындағы алаңда мемлекеттік Ту салтанатты түрде көтеріліп, Әнұран орындалады.
Іле-шала студенттердің «Қыран елім – Қазақстан» флешмобы өтеді.
25 қазан күні сағат 10:00-де «Ұлттық дала ойындары» республикалық ұлттық спорт түрлерінің фестивалі өтеді. Орны – Омаров көшесі, 10а мекенжайдағы Алматы ипподромы.
25 қазан күні сағат 17:00-де қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен «Астана» алаңында мерекелік концерт өтеді.
Концерттен кейін мерекелік салют болады.
Шымкент: спектакль, конференция
26-27 қазан күндері сағат 18:30-да Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық қазақ академиялық драма театрында Сая Қасымбектің «Атжалман ғасыр» драмасы қойылады.
28 қазанда әл-Фараби атындағы Шымкент қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында «Әл-Фараби мұрасы – өркениет қазынасы» атты республикалық конференция ұйымдастырылады.
Абай облысы: жәрмеңке, концерт, қоныстой
Абай облысында Республика күніне орай 200-ден астам шара жоспарланған.
Оның ішінде салтанатты және мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізу көзделіп отыр. Мереке күні облыстың орталық алаңдарында, саябақтары мен скверлерінде жаппай жәрмеңкелер, көрмелер, мерекелік концерттер ұйымдастырылады.
Бірқатар нысан ашылып және жаңа пәтер иелеріне баспана кілттері табысталмақ.
Атырау облысы: жұмыс орындары жәрмеңкесі
Атырауда Республика күніне орай «бос жұмыс орындарының» жәрмеңкесі өтеді. Жалпықалалық жәрмеңкеге ірі кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелер де шақырту алған. Шара 21 қазан күні сағат 10:00 – 13:00 аралығында «APEC» базасында өтеді.
Сондай-ақ, ақындардың республикалық айтысы өтті. «Егемендігім – ерен елдігім» атты республикалық айтысқа Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Абай, Павлодар, Қостанай, Қызылорда, Жамбыл, Ақтөбе, Атырау облыстары мен Астана қаласынан 16 ақын қатысты.
Қарағанды облысы: әнұран хормен шырқалады
22 қазанда Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ драма театрында мерекелік концерт пен салтанатты жиын өтеді.
25 қазанда Жаңа Майқұдық, «Молодежный» және Теміржолшылар мәдениет үйлерінде «Менің Қазақстаным» концерттік бағдарламасы өтеді.
Республика күні облыс тұрғындары «Қыран елім – Қазақстаным» жалпыұлттық патриоттық акциясы аясында еліміздің әнұранын орындайды.
Қызылорда облысы: жаңа саябақ ашылады
Қызылорда обылсында Республика күніне тарту ретінде Жаңақорған ауданында жаңа демалыс паркі ел игілігіне берілді.
Ал, Арал қаласында Республика күні мен Арал қаласының 95 жылдығына және ақын Әбілхан Махановтың 100 жылдығына орай республикалық ақындар айтысы өтті.
Маңғыстау облысы: жыршылар байқауы, Әмин Тұяқов марафоны
Маңғыстау облысында Республика күніне орай 50-ге жуық шара өтеді. Атап айтқанда, көрме, жәрмеңке, мерекелік концерт, спорттық шара, байқау, қайырымдылық-экологиялық акциялар мен патриоттық іс-шараларды өткізу жоспарланған.
Өңірде «Қыран елім – Қазақстаным!» патриоттық жалпыұлттық акциясы ұйымдастырылып жатыр.
Сондай-ақ, 20 қазан күні сағат 15:00-де «Достық» үйінде «Жырлансын ел бірлігі» республикалық жыршылар фестивалі өтеді. Фестивальға еліміздің 5 жыр мектебінен, яғни Маңғыстау, Сыр бойы, Батыс Қазақстан, Жетісу, Арқа жыраулық мектебінен барлығы 15 жыршы қатысады.
Ал, 25 қазан теңіз жағалауында Әмин Тұяқовтың 85 жылдығына арналған марафон ұйымдастырылып, марафон соңы Маңғыстау өнер жұлдыздарының концертіне ұласады.
Сонымен қатар, Ә. Кекілбаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің тарих залының ашылуы, Отпан тарихи-мәдени кешенінде «Егемен елдің ертеңі – ерен ердей еңселі!» Республика күні мен кешеннің ашылған күніне орай мерекелік шара, фотокөрме, Н. Жантөрин атындағы облыстық музыкалық-драма театрында Т. Досымов «Биіктік» спектаклі, облыстық филармонияда «Елім менің» атты мерекелік концерті сияқты шаралар өтпек.
Павлодар облысы: қайырымдылық, жәрмеңке, фестиваль
Павлодар облысында «Қамқорлық» айлығы аясында әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы азаматтарды қолдау мақсатында «Жанашыр жүрек» акциясы өтіп жатыр.
Демалыс күндері ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі, «Таза табиғат» атты экологиялық акциялар, жұмыссыз адамдарды жұмыспен қамту үшін бос орындар жәрмеңкесі өтеді.
21 қазан күні жыл сайынғы «Тәуелсіздік ұрпақтары» премиясы табысталады.
25 қазанда ҚХА этномәдени бірлестіктерінің жастары арасында «Өнеріміз саған, Қазақстан!» патриоттық әндер фестивалі ұйымдастырылмақ.
Жалпы, өңірде Республика күніне орай барлығы 300-ден астам іс-шара өткізу жоспарланған.
СҚО: экологиялық акция, «Ninety One» концерті
Солтүстік Қазақстан облысында мереке қарсаңында «Жанашыр Жүрек» республикалық акциясы өтіп жатыр.
Мерекеге орай кітапханаларда түрлі көрме, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылады. Театрларда тақырыптық қойылымдар жоспарланған. Мәселен, Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында «Елім-ай» спектаклі көрерменге жол тартады. Сауда-ойын-сауық орталықтары концерттер, мерекелік бағдарламалар өткізеді.
Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен өңірдің түрлі этнос өкілдері арасында патриоттық іс-шаралар, «Жаңа Қазақстан. Таза табиғат» эгидасы аясында жаппай экологиялық акциялар ұйымдастырады.
24-25 қазанда «Qyzyljar – шеберлер мекені» халықаралық қолөнершілер фестивалі жоспарланған.
Петропавлда халықтық мереке 24 қазан күні орталық алаңда Ақан сері атындағы облыстық филармония әртістерінің концертімен басталады, ал 25 қазан күні «Ninety One» тобының қатысуымен «Қыран елім – Қазақстаным!» мерекелік концерті өтеді.
Түркістан облысы: әлеуметтік нысандар ашылады
Мереке күні облыс бойынша 7 430 орынға арналған 7 жаңа мектеп және спорт кешені сияқты маңызды нысандар халық игілігі үшін пайдалануға берілмек. Бұдан бөлек, жаңа аллеялар ашылып, тұрғын үйлер беріледі, бірқатар ауылдық округінде таза ауызсу және табиғи газ іске қосылады.
22 қазан күні «Жаса, жайна, Қазақстан!» салтанатты іс-шарасы ұйымдастырылмақ.
21-23 қазан күндері «Асқақтай бер, айбынды Қазақстан!» апталығы өтсе, «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында 25 қазан күні «Республика күні – ұлттық мереке» атты мерекелік іс-шарасы және кітап көрмесі болады.
22-25 қазан күндері облыс көлеміндегі орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде мерекелік кештер, тарихи сағаттар мен кеңейтілген кітап көрмелері өтеді, театрларда түрлі қойылымдар ұсынылады.
23 қазан күні сағат 18:00-де Karavansaray Turkistan кешенінде The spirit of Turkistan заманауи этникалық музыка фестивалі болады.
Облыстық музейлерде 22-25 қазан аралығында мерекелік көрмелер, лекциялар, фотокөрмелер, танымдық ақпараттық кештер өтеді.
Ұлытау облысы: қазақ күресі, термешілер байқауы, қоныстой
Ұлытау өңірінде Республика күніне арналған іс-шаралар желісі қазан айының алғашқы күндерінен басталды. Мысалы, Қазақстанды жаяу аралаған Сәрсенбай Қотырашевке құрмет көрсетіліп, пәтер табыс етілді, Сәтбаев қаласында Жастар театрының тұсауы кесілді. Қазіргі күні «Қыран елім – Қазақстан» тақырыбындағы патриоттық акция барлық деңгейде өтіп жатыр. Акция аясында әлеуметтік желілерде үш түрлі бағытта конкурстар ұйымдастырылды:
1. Патриоттық өлеңдер оқу
2. Оқушылар арасында көркем сурет салудан байқау
3. Мерекеге арналған ерекше бейнеқұттықтаулар конкурсы.
Республика күніне орай жаппай экологиялық акциясы аясында сенбіліктер, абаттандыру жұмыстары өтіп жатыр.
Мереке аясында Жаңаарқа ауданында 36 пәтерлі үйдің кілті және Ұлытау ауданында 8 пәтерлік 2 үйдің кілті табысталады. Осылайша, мереке қарсаныңда әлеуметтік осал топтағы 52 отбасы баспаналы болады.
20-22 қазан аралығында «Асар жолы» қайырымдылық туры Жезқазған қаласы мен Ұлытау ауданында өткізіледі. Бұл шара 21 қазанда Ұлытау ауданында жалғасады.
21 қазан Сәтбаев қаласында Республика күні аясында Шынболат Ділдебаевтың 85 жылдығына арналған облыстық жыршы-термешілер байқауы өтеді.
25-27 қазан аралығында Жезқазған қаласында республика деңгейінде Қ. Шыңғысовты еске алуға арналған қазақ күресінен турнир өткізу жоспарланған.
Білім басқармасы тарапынан «Педагог. Сенім. Даму» тақырыбында жас педагогтерге арналған форум ұйымдастырылады.
Жастар арасында «Мен туымды мақтан тұтамын» патриоттық автошеруі, «Көк туымды бейнелеймін» сурет салудан челлендждер, флешмобтар мен акциялар өтпек.
ШҚО: спектакль, концерт, акциялар
Мереке аясында Шығыс Қазақстанда 500-ден астам түрлі іс-шаралар өтеді. Өңір тұрғындары «Таза табиғат» экологиялық акциясына, патриоттық челленджге, «Өнеріміз саған, Қазақстан!» этномәдени бірлестіктердің шарасына қатысады.
Шығыс Қазақстан драма театрында түрлі спектакльдер, ал «Ертіс концертінде» мерекелік концерттер ұсынылады.
25 қазанда қаланың орталық алаңында салтанатты концерт өтеді.