Республика күніне орай Алматыда мемлекеттік наградалар табысталды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Республика күніне орай Алматыда мемлекеттік наградаларды салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан марапаттарды алматылықтарға қала әкімі Дархан Сатыбалды табыс етті.

Республика күніне орай Алматыда мемлекеттік наградалар табысталды
Фото: Алматы әкімдігі

Марапат иелері қатарында қала мен елдің дамуына зор үлес қосқан азаматтар бар. Олардың ішінде дәрігерлер мен ұстаздар, мәдениет және кәсіпкерлік саласының өкілдері, еңбек ардагерлері мен қоғам белсенділері бар.

әкім
Фото: Алматы әкімдігі

Салтанатты жиын барысында Дархан Сатыбалды Республика күні – ел бірлігі мен тұтастығының, рухани қуаты мен ұрпақтар сабақтастығының нышаны екенін атап өтті.

– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап Қазақстан экономика, ғылым мен білім, денсаулық сақтау, мәдениет және дипломатия салаларында нық әрі сенімді қадаммен алға басты. Бүгінде еліміз халықаралық аренада беделді, тең құқықты әріптеске айналды. Тәуелсіздік жылдарындағы барлық жетістіктің негізінде – халқымыздың еңбегі жатыр. Сондықтан әрбір дәрігерге, ұстазға, инженерге, кәсіпкерге және әрбір алматылыққа алғысым шексіз, - деді Алматы әкімі.

марапат
Фото: Алматы әкімдігі

Дархан Сатыбалдының айтуынша, Мемлекет басшысының бастамалары Қазақстанды жаңғырту үдерісіне тың серпін беріп отыр. «Әділетті Қазақстан», «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан», «Адал азамат» бағдарламалары қоғамда әділдік, тәртіп пен сенімді нығайтуға бағытталғанын тілге тиек етті.

Марапат
Фото: Алматы әкімдігі

Мемлекет басшысының Жарлығымен ақын Марфуға Айтхожаға «Қазақстанның халық жазушысы» құрметті атағы берілді. Қазақ радиосының ардагері Аманжан Серіков «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атанды, ал терапевт Нұрзия Дәуренбековаға «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» атағы табысталды.

марапат
Фото: Алматы әкімдігі

Сонымен қатар еңбек ардагері Есентай Тәжиевке «Барыс» орденінің ІІ дәрежесімен марапатталды. 19 алматылық «Құрмет» орденін, екі азамат «Еңбек Даңқы» орденінің ІІІ дәрежесін, ал үш тұрғын «Парасат» орденін иеленді. «Ерен еңбегі үшін» медалімен 45 адам, ал қоғамдық және қайырымдылық қызметтегі белсенділігі үшін алты азамат «Шапағат» медалімен марапатталды.

марапат
Фото: Алматы әкімдігі

Айта кетейік, рәсімге Қазақстан халқы Ассамблеясының, Қоғамдық кеңестің, жоғары оқу орындарының, мәдениет және жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.

Соңғы жаңалықтар