Республикалық фитосанитариялық диагностика орталығының басшысы үйқамаққа алынды

АСТАНА. KAZINFORM –  Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы мемлекеттік мекемесі басшысының қатысуымен жемқорлықтың жүйелі фактілері анықталды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Арман Тілеукенов мәлім етті. 

пара алу
Фото: Kazinform

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өмірдің барлық саласында жемқорлық схемаларын әшкерелеу бойынша жұмысты жалғастыруда. Мәселен, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің «Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» РММ басшысының қатысуымен жемқорлықтың жүйелі фактілері ашылды», - деді Арман Тілеукенов ведомствода өткен баспасөз мәслихатында.

Ресми өкілдің мәлімдеуінше, шенеунік Атырау, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Абай және Жетісу облыстары бойынша филиалдарының басшыларынан қызметтегі жалпы қамқорлығы және олардың мүддесі үшін іс-қимыл жасағаны үшін бірнеше рет пара алды деген күдікке ілініп отыр. 

«Соттың санкциясымен күдікті үйқамаққа алынды. Сонымен қатар күдіктіні тергеу барысында пара беру фактілері бойынша республикалық мемлекеттік мекемесінің аталған филиалдары басшыларының жауапкершілігі туралы мәселе қаралатын болады. Тергеу амалдары жалғасуда», - дейді ол.

Соңғы жаңалықтар