Республиканың орта мектептерінде басқа елден келген 20 мыңнан астам бала білім алуда
АСТАНА. ҚазАқпарат - Республиканың орта мектептерінде басқа елден келген 20 мыңнан астам бала білім алуда. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның кеңейтілген отырысында Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов мәлім етті.
«Елімізде Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ тұлғалардың және шетел азаматтарының білім алудағы конституциялық құқықтары қамтамасыз етілген. Мектептерде басқа елдерден келген 20 600 бала білім алуда», - деді ол.
Сонымен қатар министрдің атап өтуінше, республиканың орта білім беретін мектептерінде шетелдерден көшіп келген қандастарымыздың 11 мың баласы оқып жатыр. Олардың ішінде 4700 бала бастауыш, ал 6300 бала негізгі мектептерде білім алуда.
«Республикада саны аз ұлыстар үшін ана тілін меңгеруге жағдай жасалған. 2013-2014 оқу жылында республикада өзбек тіліндегі 57, ұйғыр тіліндегі 14, тәжік тіліндегі 2 мектеп жұмыс істеді», - деді А.Сәрінжіпов.
Оның алға тартқан деректеріне қарағанда, өзбек тілінде 78 мың, ұйғыр тілінде 14 мың, ал тәжік тілінде шамамен 5 мың бала оқиды. Сонымен қатар өзбек тілінде оқытатын сыныптары бар аралас мектептер саны - 91, ұйғыр тілінде - 48, ал тәжік тілінде - 9.