Ресейлік қазақ «Жаңа толқын» әншілер байқауында бақ сынайды
МӘСКЕУ. KAZINFORM — 21 тамыз күні Қазан қаласында (Татарстан, Ресей) халықаралық «Жаңа толқын» («Новая вонла») әншілер байқауы басталды, финалистері қатарында Даниал Жұмақанов та (Jummy) бар.

Даниал Екатеринбург қаласынан, әкесі — қазақ, анасы — орыс. 13 жасынан бастап өзі ән жазып, аранжировка жасайды. Ол - Мәскеудегі Қазіргі заманғы өнер институтының студенті. Ресей Жастар одағы ұйымдастырған «Ресейлік студенттік көктем» жобасында жеңімпаз атанып, «Жаңа толқын-2025» халықаралық жас орындаушылар байқауына жолдама алған.
2023 жылы ол «Ресейлік студенттік көктем» жобасы аясында Чебоксар қаласында өткен авторлық әндердің Бүкілресейлік Исполняй атты жастар фестиваліне қатысқан.
2025 жылы Даниал Мәскеудің «ең үздік дауысы» атанып, «Студвесна. Голос» арнайы жобасында жеңіске жетті. Нәтижесінде Ресейлік студенттік көктемнің аймақтық кезеңіне жолдама иеленді.
Қазанда өтетін байқаудың бас жүлдесі үшін алты елдің өкілдері бақ сынайды. Ресейден 7 орындаушы, Қазақстаннан екі әнші — Yernazar және Alex Lim қатысады.
Еске салсақ, «Жаңа толқын-2025» — жылдың басты музыкалық оқиғаларының бірі. Ашылу салтанатына Ресей және шетел эстрада жұлдыздары қатысады. Байқаудың салтанатты жабылуы 2025 жылдың 26 тамызында өтеді.
«Жаңа толқын» фестивалі — 2002 жылы Игорь Крутой мен Раймонд Паулс негізін қалаған жас орындаушылардың халықаралық поп-музыка байқауы. Алғашқы жылдары (2002–2014 жж.) ол Латвияның Юрмала қаласында өтті, кейін Сочиде (2015–2019 жж.) ұйымдастырылды, ал 2021 жылдан бастап Ресейдің Сириус қаласында өтіп жүр. 2025 жылы фестиваль алғаш рет Қазанда өтпек.
Фестиваль бастапқыда жаңа таланттарға арналған алаң ретінде құрылып, уақыт өте келе ең ірі музыкалық оқиғалардың біріне айналды. Жыл сайын түрлі елдің орындаушылары қатысады. Байқау бірнеше күнге созылады, қатысушылар өз әндерін, әлемдік хиттерді және авторлық композицияларын орындайды. Қазылар алқасы олардың өнерін бағалайды.