Ретрокөліктер атыраулықтардың қызығушылығын тудырды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Ретрокөліктер атыраулықтардың қызығушылығын тудырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Атыраудағы Сұлтан Бейбарыс алаңында «West Cars» автоклубының ұйымдастыруымен ретрокөліктер көрмесі өтті.

Көрмеге ең көне көліктер қойылды.

Мәселен, Нұржан Темірбайдың мамандығы – механик. Ол 11 жыл бұрын ескі көліктерді жаңалауды қолға алған.

«Бірнеше ескі көлікті қайта құрастырдым. Оның ішінде Toyota моторы орнатылған BMW, автожарысқа арналған спорттық көліктер, мотоцикл бар. Елімізде өтетін Gorilla Drift Energy сайысы үшін BMW көлігін құрастыруға 1,5 жыл уақытымды жұмсадым», -дейді Нұржан Темірбай.


Ол құрастырған техниканың қатарында «Газ-24» маркалы көлігі бар. Бұл көлік зауыттан 1963 жылы шығарылған.

Көлікті қайта құрастыру үшін 5 млн теңгеден астам қаржысын салған.

«Бала кезімнен техниканы жақсы көремін. Ойыншықтарды бұзып, қайта құрастыратын едім. Кейін көлік құрастырулы қолға алдым. Волганы Орал қаласынан 300 мың теңге сатып әкелдім. Ескі көлікті боядым. Тіпті кабриолет кейпіне келтіру үшін 11 см ұзарттым», -дейді Нұржан Темірбай.


Ал, Иван Огуньковтың көлігі – 1996 жылғы BMW. Оны 2,5 млн теңгеге сатып алған.

«Әдетте көліктің ақ пен қара түріне сұраныс көбірек болады ғой. Атырауда да ақ және қара түсті көліктер көп. Ал, мен көлігімнің өзгеше болғанын қаладым. Сол себептен қызыл түсті көлікке қызықтым. Қазір түрлі көрмеге қатысып жүрмін», -дейді Иван Огуньков.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын атыраулық оқушылар сусабынның жаңа түрін жасап шығарғанын хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар