«Реттеуші интеллект орталығы» құрылады
АСТАНА. KAZINFORM – Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің базасында «Реттеуші интеллект орталығы» құрылады. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтты.

Серік Жұманғариннің айтуынша, Президент Жолдауын іске асыру іс-шаралар жоспарының кәсіпкерлік блогы бойынша экономиканы ырықтандыру және квазимемлекеттік секторды реформалау шараларына назар аударылады.
- Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің базасында жасанды интеллектіні қолдана отырып, реттеуді жаңартудың негізгі алаңына айналатын «Реттеуші интеллект орталығы» құрылады. Салықтық әкімшілендіру салық төлеушілердің мүддесін ескере отырып, жасанды интеллект пен басқа да озық технологиялар қолдану арқылы жүзеге асырылады. Даму институттары өз қызметін нақты салалық мамандануымен және инвестициялауға арналған мандатымен жүзеге асырады. «Мемлекеттік мүлік туралы» Заң мемлекеттің экономикаға қатысу шеңберін айқындау бөлігінде қайта қаралады, - деді вице-премьер.
Бұған дейін Мемлекеттік цифрлық активтер қоры құрылатынын жазған едік.