Ревматоидты артриттің белігілері қандай
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Ревматоидты артрит — этиологиясы белгісіз созылмалы аутоиммунды ауру, ол буындардың қабынуын тудырады және жасына, өмір салтына, денсаулық жағдайына қарамастан кез келген адам ауыруы мүмкін. Бұл туралы Kazinform тілшісіне Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ ревматолог дәрігері Маржан Абдуллаева айтты.

Дәрігердің сөзінше, ревматоидты артрит — бұл буындардың қабынуын тудыратын және жасына, өмір сүру салты мен жай-күйіне қарамастан, кез келген адамның шалдығуы мүмкін созылмалы аутоиммунды ауру. Өткен ғасырдың 80-90 жылдарында полиартритпен көбіне жастар (20-40 жас) ауратын. Қазір 50, 70 және 80 жастағы адамдар да кездеседі. Ревматоидты артритпен балалар да (бір жастан 3 жасқа дейін) шалдығады.
— Барлығы жәй ғана суық тиюден басталады. Әдетте, ең алдымен жалпы әлсіздік, шаршау секілді белгілер пайда болады. Осы белгілерге бірте-бірте бұлшықеттің ауыруы, тершеңдік, дене қызуының жоғарылауы қосылады. Осыдан кейін буындар ауыра бастайды. Бұл ретте ауру кез келген буынды зақымдауы мүмкін. Полиартрит кезінде тырнақтардың әлсіз болуы, скелет бұлшықеттерінің босауы, плевриттің дамуы, өкпе тінінің зақымдануы секілді белгілер пайда болуы мүмкін. Олардың көбісі ревматоидты түйіндердің пайда болуымен ілеседі, — дейді Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ ревматолог дәрігері Маржан Абдуллаева.

Полиартриттің басты белгісі — қол саусақтары буындарының зақымдануы. Тек қана осы симптомға сүйене отырып диагноз қоюға болады. Тізе буынының ауыруы кезінде диагноз қоюға асығуға болмайды, себебі бұл басқа аурулардың да белгісі болуы мүмкін.
— Осы ауруға тән екінші белгі — адам таңертең оянған кезде өз саусақтарын қыса алмайтындай қимылдай алмау симптомы. Өкінішке қарай, әлемдегі полиартриттің нақты себептері анықталмады. Вирустық инфекция, стресс, тоңу немесе керісінше қатты қыздырынудың салдарынан иммундық жүйенің дұрыс жұмыс істемеуі белгілі. Аурудың маусымдық асқынулары және ағзаның физиологиялық қайта алмасу кезеңі: жасөспірім жаста, әйелдің босанғаннан кейінгі кезеңі мен климакстың басталуы арасындағы байланыс байқалады. Қалыпты жағдайда иммундық жүйенің жасушалары ағзаның өз тіндеріне зиян келтірмей, вирустық инфекцияға жауап береді, — дейді ол.
Ревматологтың сөзінше, полиартритті емдеу үшін қазіргі заманғы медицинада базистік терапияны (иммундық жүйе жасушаларының антиденелер өндірісінің белсенділігін төмендететін ем) пайдаланады.
Бұл терапияның ерекшелігі — ол емдеудің алғашқы күнінен бастап және өмір бойы жүргізіледі. Науқас дәрі-дәрмектерді үнемі қабылдауы керек. Мұндай жағдайларда ауру уақыт өте келе басылады және адамның өмір сапасы жақсы жаққа өзгере бастайды. Емдеу аурудың белсенділігі мен ұзақтығына байланысты. Әр науқас үшін жеке емдеу схемасы таңдалады.
— Базистік препараттармен стандартты терапияның тиімділігі жеткіліксіз болған жағдайда гендік-инженерлік биологиялық терапия қолданылады. Сондықтан негізгі терапиямен бірге ауырсынуды жеңілдету үшін тез әсер ететін стероидты емес қабынуға қарсы препараттар, кейде глюкокортикостериодтар пайдаланылады. Ремиссияға шығу үшін негізгі терапияны үздіксіз жүргізу маңызды. Бұл қыздырғыш гельдер, жақпа майлар болуы мүмкін, олар өте терең еніп, буынның өзіне әсер етеді, оны күніне 2 рет жаққан абзал. Стероидты емес препараттар қабынуды, ауырсынуды төмендетеді, — дейді дәрігер.
Маржан Абдуллаева адам денсаулығына минералды сулар, емдік ванналар пайдалы әсер ететінін атап өтті. Сондықтан да ең алдымен стационарда емделіп, содан кейін физиотерапевтік ем қабылдап (жарты жылда 1 рет), күн сайын арнайы емдік гимнастика жасап және қимыл-тірек аппараты ауруларын емдейтін шипажайға жылына бір рет барған дұрыс.
Осыған дейін жасөспірімдер арасында витилиго ауруының көбейгені туралы жазғанбыз.