15:20, 20 Желтоқсан 2022 | GMT +5
Рейдерлік қылмыс: Алматы облысы полиция бастығының орынбасарынан жауап алынды
ҚОНАЕВ.ҚазАқпарат - Алматы облысының полиция департамент бастығының орынбасары Рустам Абдрахмановтан атышулы қылмыстық іске қатысты жауап алынды. Мұны полиция департаменті растады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұған дейін әлеуметтік желіде Рустам Абдрахмановтың жұмыс орны мен үйіне тінту жүргізілді делінген ақпараттар тараған болатын.
«Қылмыстық іс басқа құқық қорғау органының іс жүргізуінде. Осы іс аясында Р. Абдрахмановтан куәгер ретінде жауап алынды. Ол қызметінен шеттетілген жоқ»,- делінген Алматы облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарламасында.
Айта кетейік, бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі рейдерлік жасады деп айыпталған күдікті Елдос Қоспаев пен оның сенімді серіктестеріне қатысты тергеу бастағанын хабарлаған болатынбыз. Олар ұйымдасқан қылмыстық топ құрды және оған қатысты деген күдікке ілініп отыр.