Резидент дәрігерлер 20 жаңа балалар бағыты бойынша білім ала алады
АСТАНА. KAZINFORM — Резидентураның бірқатар сұранысқа ие мамандығы бойынша даярлықтың балалар бейінін енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы ДСМ баспасөз қызметі хабарлады.

Балаларға медициналық көмектің сапасын арттыру мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі дәрігерлерді даярлау жүйесіндегі маңызды өзгерістерге бастамашылық жасайды.
— Резидентураның бірқатар сұранысқа ие мамандығы бойынша даярлықтың балалар бейінін енгізу жоспарланып отыр. Бұл болашақ дәрігерлердің педиатрия саласындағы терең мамандануына назар аударуға және арнайы бейінді балалар мамандарының тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді. Бұл инновацияның негізгі дәлелі аурудың анатомиясындағы, физиологиясындағы, клиникалық көріністеріндегі, сондай-ақ ересектер мен балаларды диагностикалау мен емдеу әдістеріндегі айырмашылықтар болды. Инновация заманауи білім мен клиникалық тәжірибеге сүйене отырып, балалар ауруларын диагностикалау, емдеу және алдын алу ісінде кешенді және нақты тәсілді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, — делінген министрлік хабарламасында.
Жаңартылған даярлық жүйесі шеңберінде резидент дәрігерлер 20 жаңа балалар бағыты бойынша білім ала алады, олардың ішінде:
— балалар кардиологиясы және кардиохирургиясы
— балалар анестезиологиясы
— балалар инфекциялық аурулары
— балалар нейрохирургиясы
— балалар пульмонологиясы
— балалардың жақ-бет хирургиясы
— балалар нефрологиясы және басқа да мамандықтар.
Резидентураны ұйымдастырудағы жаңа тәсілдер отандық денсаулық сақтауды жаңғыртудың маңызды қадамы болады және балаларымызға медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Айта кетелік ел халқының денсаулық жағдайы туралы статистикалық жинақ жарық көретіні туралы жазған едік.