17:51, 28 Қараша 2015 | GMT +5
РФ-ның Орынбор облысында қазақстандық капиталдың қатысуымен жүзге жуық кәсіпорын жұмыс істеп тұр
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - «Aktobe invеst-2015» халықаралық инвестициялық форумында Орынбор облысының губернаторы Юрий Берг шекара маңындағы аймақтардың өзара тиімді ынтымақтастығын ары қарай дамыту бойынша өз пікірімен бөлісті.

Ол Ақтөбе облысы мен Орынбор облысын 1000 километрге созылған ортақ шекара байланыстырып тұрғанын айтты. Көпжақты іскерлік қатынастар дамып келеді.
«Бүгінгі форум - ықпалдастықты нығайтуға жасайтын, екі ел экономикасының игілігі үшін инвестицияларды тарту жолындағы тағы бір қадам. Тату көршілік қатынас - бұл бірлесіп жұмыс жасаудың негізі», - деді Юрий Берг.
Екі аймақтың көпжылдық ынтымақтастық тәжірибесі бар. Бүгін Орынборда қазақстандық капиталдың қатысуымен жүзге жуық кәсіпорын тіркелді. Шамамен осынша ресейлік инвестор Ақтөбеде жұмыс істеп жатыр.