Рыбакина 16 жасар ресейлік теннисшіні жеңіп, Бейжің турнирінің ширек финалына шықты
Қазақстанның бірінші, әлемнің 5-ракеткасы Елена Рыбакина Бейжің (Қытай) WTA 1000 турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші үшінші айналымда әлемнің 60-ракеткасы, 16 жастағы ресейлік Мирра Андреевамен шеберлік байқасты.
Матчты жас теннисші қарқынды бастады – 6:2. Дегенмен екінші партияда Е.Рыбакина таразы басын өзіне аударды – 6:4.
Үшінші, шешуші сетте Елена 5:0 есебімен алға кетті. Ақыры үшінші матчболын эйспен тәмамдады – 6:1.
Бір сағат 50 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында қазақстандық спортшы 10 эйс жасап, 5 брейк-пойнттың төртеуін өз есебіне жазды. М.Андреева 2 эйс, 3 брейкпен (9 брейк-пойнт) көзге түсті.
Елена Рыбакина жартылай финалға шығу үшін әлемнің 1-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенко немесе рейтингте 36-сатыдағы италиялық Ясмин Паолинидің біреуімен таласады.
Тағы бір қазақстандық, дүниежүзілік рейтингте 258-орында тұрған Денис Евсеев Шанхай мастерс жарысының алғашқы айналымында әлемнің 57-ракеткасы, мажарстандық Мартон Фучовичқа есе жіберді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Бейжің турнирінің үшінші айналымына шыққанын жазған едік.