Риддер қаласының көшелеріне аю кіріп кетті
ӨСКЕМЕН.KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласының көшелерінде аюдың жүргені жайлы видео тарады.
Желіде тараған видеода аюдың көше жолдарын кезіп жүргенін көруге болады. Тіпті жер үйлердің маңына таяп та барған.
Осыған қатысты «Риддер орман шаруашылығы» мекемесінен түсініктеме берді.
— Риддердегі аю саны бұрыннан бері көп болған. Себебі оның санын реттеу жүргізілмейді. Осы жылы аюлардың елді мекендерге жиі шығуының басты себебі — орманда қоректің болмауы. Көктемдегі аяз салдарынан жидек шықпады. Шие, қарақат жоқ. Сондықтан аюлар далада күнбағыс жеп, қала ішіндегі қоқыс жәшіктеріне түсе бастады. Егер аю май жинай алмаса, қыста ұйқыға кетпейді немесе ерте оянып кетуі мүмкін. Ал бұл өте қауіпті, — делінген ақпаратта.
Еске салсақ, осыған дейін Шығыс Қазақстан облысындағы Серебрянск қаласында аю орталық алаңға дейін кіріп кеткені хабарланған.