Риддер мен Екібастұз жылу жүйесіндегі апат қайталануы мүмкін бе

АСТАНА. KAZINFORM – Еліміздің бірқатар өңірінде 2021-2022 жылдары тіркелген жылу жүйесіндегі апаттардан кейін энергетика саласындағы бақылау күшейтіліп, жылу электр орталықтарын жаңғыртуға қомақты қаражат бөлінді. Бұл туралы Энергетика министрлігінің Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің төрағасы Ержан Ерболұлы Ертаев мәлімдеді.

Риддер мен Екібастұз жылу жүйесіндегі апат қайталануы мүмкін бе
Фото: primeminister.kz

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында журналистер Екібастұз, Риддер және Степногорск қалаларында болған апаттардың қайталанбауына қандай кепіл барын сұрап, мұндай оқиғалардың алдын алу шараларына қызығушылық білдірді. Солтүстік Қазақстан облысында құбыр құлау фактісі де назардан тыс қалған жоқ.

– Қазіргі кезде жөндеу жұмыстары резервтік қондырғыларда жүргізіліп жатыр. Ал Екібастұз, Риддер қалаларында болған оқиғалар 2021-2022 жылдары болған. Сол жағдайлардан кейін Үкімет тарапынан дайындық жұмыстарына ерекше назар аударылып, мемлекеттік резервтен жөндеу жұмыстарына қаражат бөлініп жатыр. Осылайша ауқымды жұмыстар атқарылуда. Сондықтан жылыту маусымы апатсыз өтеді деп сенеміз, - деді Ертаев.

Оның айтуынша, 2023 жылы электр станциялардың дайындығына 227 млрд теңге бөлінсе, 2024 жылы бұл сома 326 млрд теңгеге дейін артқан. 2025 жылға 396 млрд теңге көлемінде қаржы қарастырылған. 

– Бұл қаражат жөндеу жұмыстарының көлемін ұлғайтуға себеп болады, - деді комитет басшысы.

Сонымен қатар ведомство өкілі салада жүргізілген талдау нәтижелеріне тоқталып, техникалық бұзушылықтар санының айтарлықтай азайғанын айтты. Атап айтқанда, өткен жылыту маусымында тіркелген ақаулар саны 1 070-тен 782-ге дейін қысқарып, 27 пайызға төмендеген. Ал, 2025 жылдың алғашқы сегіз айында бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда тағы 12 пайызға азайып, 1 054 жағдайды құраған. 

Сондай-ақ энергия көздеріндегі температуралық режимнің сақталмауына қатысты бұзушылықтар үш есеге азайған. 

Жылыту маусымының басталуына қатысты сұраққа жауап берген ведомство өкілі Астанада бұл мәселе ауа райына байланысты шешілетінін жеткізді.

– Әкімшілік шешімге сәйкес, сыртқы ауа температурасы +10 градустан төмен үш тәулік қатарынан сақталған жағдайда, қала әкімдігі тиісті шешім қабылдап, жылу маусымын бастайды, - деді Ертаев.

Еске сала кетейік, Олжас Бектенов жылыту маусымына дайын емес өңір әкімдеріне ескерту жасаған. 

Соңғы жаңалықтар