Риддер неге қайта-қайта жылусыз қалып отыр

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Қараша айының арғы жағында қытымыр қыс сығалап тұр. Ал Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласының тұрғындары 10 күннің ішінде 2 рет жылусыз қалған. Осындай мәселе бірінші рет туындап отырған жоқ. Өткен қыста да жылу электр орталығында апат болған еді. «Аязда тағы жылусыз қалмаймыз ба?» деп уайым кешкен халық билік өкілдерінен орталықтың жұмысын ретке келтіруді сұрайды. ҚазАқпарат тілшісі мәселенің мәнісіне үңіліп көрді.

Сапасыз мазуттың салдарынан

Жылыту маусымы күні кеше ғана басталғанымен 50 мыңнан астам халқы бар Риддер қаласында қайта-қайта жылу өшіріліп отыр. 23 қазанда жылу электр орталығында төтенше жағдай болды. Қазандықтар жұмысын тоқтатып, халық жылусыз қалған. Шаһар әкімі Дмитрий Горьковой оқиға орнына барып, тиісті шараларды қабылдап жатқандықтарын айтып тұрғындарды сабырға шақырды.

Риддер қаласы әкімінің қала тұрғындарымен кездесуі. Фото: instagram.com/gorkovoy_dmitry


24 қазанда Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі Риддердегі жылу электр орталығындағы төтенше жағдай сапасыз мазут салдарынан болғанын мәлім еткен-тұғын.

«ЖЭО басшылығының салғырттығынан мазут дұрыс тексерілмеген. Белгілі болғандай, оған су қосылған. Орталыққа «Қазцинк» ЖШС-дан, Өскемендегі ЖЭО-дан мазут жөнелтілді. Осының нәтижесінде, орталық 100 күн үздіксіз жұмыс істейтін отынмен қамтамасыз етіледі», - делінген сол кездегі ақпаратта.

Жылу электр орталығында ақауға байланысты жедел штаб та құрылған. Ал ШҚО прокуратурасы орталықтың басшылығына қатысты тексеруді бастады.

«Риддер-ЖЭО» АҚ-да орын алған төтенше жағдай бойынша штаб құрылды.

Фото: instagram.com/danial.akhmetov.official


Сол күні тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар жылумен қамтамасыз етіле бастады. Орталыққа жеткізілген мазуттың жалпы көлемі 190 тоннаны құрады.

Бірақ қазан айының соңында халық қайтадан жылусыз қалды. Белгілі болғандай, жылу электр орталығында қазандықтардың бірі істен шыққан. Қарашаның 1-і күні әкімдіктен үйлердің жылуға қосылғаны туралы ақпарат берілді.

«Балаларымыз ауырып жатыр»

Алайда халықтың көңілі күпті болып отыр. Олар алдағы уақытта ақаулар тағы қайталана ма деп уайымдайды.

«Бұл деген сұмдық қой! Сонда қашанға дейін қайталана бермек?! Балаларымыз ауырып жатыр. Орталықтың жауапсыз басшылығы заң аясында жауапқа тартылуы керек», - дейді қала тұрғыны Миля Таженова.

Ал Галина Третьякова Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың үйлер мен әлеуметтік нысандарды жылумен қамтамасыз ету жауапкершілігі толықтай әкімдерге жүктелетінін айтқанын еске салды.

«Жылу электр орталығы қазір жеке меншікке өткен. Бірақ оның иесі неге орталық жұмысын талапқа сәйкес жүргізбейді?! Бұл сауда орталығы немесе көлік жуатын орын емес қой! Халықтың тұрмыс-тіршілігіне тікелей әсер ететін әлеуметтік нысан! Неліктен тиісті жөндеу жұмыстары дер кезінде жүргізілмеді? Осыған дейін қанша уәде берілді. Бірақ еш нәтиже жоқ», - дейді ол.

Қаладағы нысандардың 90 пайызын жылумен қамтамасыз етіп отырған орталықтың тарихы сонау 1956 жылдан басталады екен. 1997 жылы «Риддер ЖЭО» АҚ америкалық компанияның меншігіне өткен. Ал 2018 жылы оны қазіргі иелері «GREEN ENERGY Q» компаниясы сатып алды.

ШҚО әкімдігінің мәліметінше, көп жылдар бойы орталықтағы жабдықтар тозып, толық жаңартуды қажет етеді. Десе де жаңа иелері бұл жұмысты үнемі кейінге қалдырып отырған.

«Риддер ЖЭО» АҚ соңғы жылдары халық арасында сынға жиі қалып жүр. Мемлекеттің оның жұмысына араласуға құқығы жоқ. Алайда болып жатқан оқиғаларды бей-жай қалдыру мүмкін емес. Облыс әкімі Даниал Ахметовтің араласуынан кейін ғана орталықта қажетті жөндеу жұмыстарын жүргізу мүмкін болды», - деп хабарлады әкімдіктен.

Коммуналдық мекеменің жаңа қожайындары өз қызметтерінің 70 пайызына дейін сатып алатын негізгі тұтынушы – «Қазцинк» металлургиялық кешеніне бірден талаптарды күшейте бастаған. «Қазцинк» басшылығының айтуынша, ЖЭО иелері монополиялық жағдайын асыра пайдаланған. 2018 жылы олар компаниядан турбогенераторды жаңартуға 7 жылға алдын ала ақша төлеуді талап етіпті. Ол кездегі сома 5,5 миллиард теңгені құраған, бұл жылу энергиясының нарықтық құнынан 1,5 есе артық. Келіспегені үшін ЖЭО «Қазцинкті» жылудан ажыратып тастаған. «Қазцинк» тек сот арқылы және қосымша қызметтерді төлеуге келіскеннен кейін ғана жылуға қайта қол жеткізді. Ал орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған көпқабатты және жер үйлердің тұрғындары баспаналарының дұрыс жылымайтынына шағымдана бастады

«Риддер ЖЭО» АҚ қондырғысы. Фото: instagram.com/danial.akhmetov.official


2021 жылы ЖЭО-ның 90 қызметкері ұжымдық хатқа қол қойып, тағы бір шу шықты. Хатта олардың акционерлік қоғам иелерінің қаржылық, техникалық және ұйымдастырушылық басқару саясатына көңілдері толмайтыны көрсетілген. Ол бірқатар мемлекеттік органдарға, соның ішінде Бас прокуратура мен Энергетика министрлігіне жолданған.

«Жаңа басшылық келгенге дейін кәсіпорында тәртіп болды. Ай сайынғы жалақы күнделікті қажеттіліктерге жетіп, атқарылып жатқан жұмыстарға сәйкес төленетін. Ал бұл басшылық тарапынан жылу электр орталығын дамытуға ешқандай үлес қосылмайды, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмейді, жоғары білікті мамандар жұмыстан себепсіз шығарылады, жұмыс істеп жүрген қызметкерлердің еңбегі құнсызданады», - делінген хатта.

Былтыр да апат болған

Өткен қыста да жылу электр орталығында апат болған еді. Жағдайды тұрақтандыру үшін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Риддерге барған.

«Аймақ басшысы көшпелі жиындар өткізіп, проблеманың қаншалықты ауқымды екенін компания басшылығы түсінбей тұрғанын айтты. Жағдайдың қайталуына жол бермес үшін 2022 жылдың мамыр айында ол Үкіметтен Риддердегі орталыққа жоспардан тыс тексеру жүргізу үшін республикалық комиссия жіберуді сұрады», - деп мәлім етті ШҚО әкімдігінен.

Содан соң ҚР Энергетика министрлігі тексеру жүргізіп, энергетикалық жабдықты пайдалану бойынша нормативтік құқықтық актілердің талаптары бұзылуының 70 фактісін анықтады. Олқылықтарды 2022 жылдың соңына дейін жою мерзімі белгіленді. Сонымен қатар орталықтың күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа дайындығы туралы паспорты болмаған. ЖЭО-ның күрделі жөндеуді қажет ететіні және негізгі құрал-жабдықтардың тозығы жеткені анықталды.

«Риддер ЖЭО» АҚ. Фото: instagram.com/danial.akhmetov.official


«Кәсіпорынның қыс мезгіліне дайындалуын қамтамасыз ету үшін Даниал Ахметов барлық бюджеттік ұйымдарға жылуға алдын ала төлем жасауды және сол арқылы ЖЭО-ны жөндеу жұмыстарына қаржымен қамтамасыз етуді тапсырды. Тамыз айында облыс әкімдігінде өткен жиында ЖЭО басшылығы турбиналар мен жылу трассаларының бір бөлігі жөндеуден өтіп, көмір жеткізіліп жатқанын айтты. Жылу-электр орталығының жұмысы жақсарып, суықтың басталуын еш уайымсыз қарсы алуға болатындай көрінді. Алайда қазан айында халық қайта жылусыз қалды», - делінген ақпаратта.

Риддерде төтенше жағдай жарияланды

5 қараша күні сағат 20.00-де орталықтағы күл шығару жүйесіндегі сорғы істен шығып, №1 қазандық агрегатының қосалқы жабдығы апатты жағдайда ажыратылды. Соның салдарынан жылу тасығыштың температурасы +39°С дейін төмендеді (қалыпты температура мөлшері +70°С). Қазіргі уақытта Риддер қаласының 22 мыңнан астам абоненті үшін жылу беру азайтылды.

«Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың сыныптамасын белгілеу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 2 шілдедегі № 756 қаулысына сәйкес бұл апаттық жағдай жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай ретінде жіктеледі. Жағдай ерекше бақылауда. Риддер қаласын жылумен жабдықтауды қалпына келтіру бойынша барлық қажетті шаралар қабылдануда», - деді облыс әкімі Даниал Ахметов.


P.S. ҚазАқпарат тілшісі жылу электр орталығының басшылығына да хабарласып көрді. Алайда өкінішке қарай, олармен байланысқа шығу мүмкін болмады.


Басты фото: instagram.com/danial.akhmetov.official





Соңғы жаңалықтар