Риддер тұрғындарына жылу қашан беріледі
Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында балабақша, мектеп пен ауруханаларға жылу берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Риддер ЖЭО-дағы соңғы ахуалды білу үшін ҚазАқпарат тілшісі орталықтағы жөндеу жұмыстарының басы-қасында жүрген ШҚО құрылыс, энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Рамазановқа хабарласып көрді.
«Жылу электр орталығында екі қазандық іске қосылған. Қазіргі уақытта оның бірі жуылып дайындалып жатса, екіншісі тұрғын үйлерді ыстық сумен, балабақша, мектеп пен ауруханаларды жылумен қамтып тұр. Бюджеттік мекемелерге жылу берілгенімен әзірге температура төмендеу. Ал жоспар бойынша екінші қазандық ертең жуылып бітуі тиіс. Сол кезде үйлерге де жылу беріледі», — дейді ол.
Нұрлан Рамазановтың айтуынша, жөндеу жұмыстары ойдағыдай жүргізілуде. Апта соңында тағы бір қазандық іске қосылады деп көзделген.
Ал 15 қарашаға дейін бүкіл 6 қазандық іске қосылуы тиіс. Сынап бағанасы 10-15 градусқа төмендеп кеткенде осы орташа қысымды 3 қазандықтың қуаты үйлерді жылытуға жетеді.
Бүгін БАҚ-та және әлеуметтік желіде Риддер жылу электр орталығының иесі оны мемлекет меншігіне тегін беріп, 5,5 млрд теңге қарызды өз есебінен жабатыны туралы ақпарат тарады.
Басқарма басшысының орынбасарынан бұл туралы да сұрап көрдік.
«Қазір „Риддер ЖЭО“ АҚ қалалық әкімдікке қарасты „Водоканал“ мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына сенімгерлік басқаруға берілген. Толыққанды мемлекет меншігіне алу үшін келіссөз жүріп жатыр. Бірақ менде оның иесі орталықты тегін беріп, қарызды жабатыны туралы ақпарат жоқ. Себебі келіссөз облыс басшылығы мен кәсіпкер арасында жүріп жатыр», — деп жауап берді ол.