Риддер тұрғыны темекі тұқылын тастағаны үшін салынған айыппұлмен келіспей, полицейлерді сотқа берді
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласының тұрғыны темекі тұқылын тастағаны үшін салынған айыппұлмен келіспей, полицейлермен соттасып, жеңіліп қалды.

Ер адам Третий шағынауданындағы дүкен маңында жерге темекі тұқылын тастаған. Сол үшін оған ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 434-бабы 2-бөлігіне сәйкес (қоғамдық орындарды қайта ластау) хаттама толтырылған.
Алайда азамат полицейлермен келіспей, сотқа шағым түсірді.
- Сот отырысында ол темекі тұқылын қоқыс жәшігіне тастағанын айтты. Алайда сотқа ұсынылған бейнематериалдар, оқиға орнындағы фотосуреттер және куәгердің сөзі ер адамның кінәсін дәлелдеді, - деп хабарлады қалалық соттың баспасөз қызметінен.
Риддер қаласының тұрғыны бұған дейін де осы бап бойынша жауапқа тартылған. Сот оның шағымын қанағаттандырған жоқ. Енді ол 78 640 теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді.
Еске салсақ, осыған дейін Өскемен тұрғыны көлігіне құлаған ағаш үшін коммуналдық мекемеден 2,5 млн теңге өндіріп алғаны хабарланған.