Риддер жылу орталығында апта соңына дейін тағы бір қазандық іске қосылады

Шығыс Қазақстан облысы Риддер жылу электр орталығында апта соңына дейін тағы бір қазандық іске қосылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

риддер
Фото: ШҚО Ақпарат орталығы

ШҚО Ақпарат орталығының мәліметіне сүйенсек, осы аптаның соңына дейін Риддер жылу электр орталығында орташа қысымды №2 қазандық іске қосылады. Қазір қазандықты қосу-баптау және қаптау жұмыстары аяқталуға жақын.

«Ал жоғары қысымдағы №4, №5, №6 қазандықтарды күрделі жөндеу күніне 24 сағаттық режимде жүргізілуде. Ол жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес қарашаның 15-іне дейін толық аяқталуы тиіс. Жөндеу жұмыстарына бірнеше ауысымда 400-ден астам адам тартылған», - делінген хабарламада.

Бүгінде ЖЭО-да күрделі жөндеуден өткен орташа қысымды №1 және №3 қазандықтар қалыпты жұмыс істеп тұр. Қазір №3 қазандық қалаға ыстық су, ал әлеуметтік мекемелерге жылу беруде. Жақын арада №1 қазандық агрегатының қуаты номиналды көрсеткіштерге жеткеннен кейін тұрғын үйлерге, мекемелерге және өндірістік кәсіпорындарға жылу беру басталады.

Соңғы жаңалықтар