Риддер жылу орталығын дұрыс тексермеген мемлекеттік қызметшілердің ісі қаралды
ШҚО әдеп жөніндегі кеңес отырысында энергетика министрлігі атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы мен қызметкерлеріне қатысты тәртіптік іс қаралды.
Бұл мемлекеттік қызметшілер қайта-қайта ақау шығып, апат болып жатқан Риддер жылу электр орталығына жүйелі бақылау жүргізбеген.
«Өткен жылдың мамыр айында аталған департамент қызметкерлері «Риддер ЖЭО» АҚ-ға қатысты тексеру жүргізіп, энергетикалық процеске әсер ететін 70-ке жуық заң бұзушылықты анықтаған. Орталық басшылығына бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді. Бірақ оның орындалу мерзімі – 2022 жылдың желтоқсан айы деп көрсетілген. Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері бұл қате шешім деген қорытынды жасады. Өйткені жылу маусымы басталғанға дейін ЖЭО-дағы барлық олқылық жойылуы керек еді. Тексеру жүргізген лауазымды тұлғалар нұсқамада дәл осындай мерзім белгілесе, апаттың алдын алуға болар еді», - дейді ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігі Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы, әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Нұрлан Еркебаев.
Оның айтуынша, апат шығуының басты себебі - жабдықтардың әбден тозуы.
Министрлікке олардың жағдайына қатысты теріс баға берілді, сондықтан жабдық апатты жағдайда қалды.
Соның салдарынан оған ешқандай қаражат салынбай, күрделі жөндеу жүргізілмеді.
Риддер жылу орталығын тексеруге барған мемлекеттік қызметшілер басқа да қате есептеулер жасағаны анықталды.
«Аталған лауазымды тұлғалар мемлекеттік қызметтің беделін түсіретін әрекеттерге барған. Кеңес мүшелерінің көпшілігінің даусымен олар қызметіне толық сай емес деп танылып, ескерту жасалды», - дейді Н.Еркебаев.
Еске салсақ, 19 қаңтарда Риддердегі жылу электр орталығынан өрт шыққан болатын.
Бірнеше сағаттың ішінде қызыл жалын ауыздықталды.
Кейіннен жылу электр орталығының басшылығына қатысты тергеу жүріп жатқаны хабарланды.
Даниал Ахметов Риддер жылу электр орталығындағы ақау мен апаттан үйлері қайта-қайта суып кетіп отырған тұрғындардан кешірім сұраған еді.
Сонымен қатар жылу электр орталығының иесі ауысқаны белгілі болды.