Риддер жылу орталығындағы 3 қазандықта жөндеу жұмыстары аяқталды
Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласындағы жылу электр орталығында 3 қазандықты жөндеу жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қала әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, Риддер жылу электр орталығындағы жөндеу жұмыстары белгіленген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр.
«Орталықтағы 1, 2, 3 қазандық агрегаттары бойынша жұмыстар аяқталды. Қазандықтар одан әрі жуып-тазалау үшін сумен толтырылды. Жуу процесі бірнеше сағаттан екі тәулікке дейін созылады. Қысым пайда болғаннан кейін қазандықтан жағыла бастайды», - дейді қала әкімі Дәулет Батырбаев.
Мердігер ұйым «DM Energy» ЖШС-ның бас инженері Қайрат Досановтың айтуынша, дәнекерлеу жұмыстары аяқталып, бірінші қазандық толтырылған соң, гидравликалық сынақтар жүргізіледі.
«Барлық жұмыс уақтылы жүргізіліп жатыр. Ең алдымен үшінші қазандық агрегатын іске қосуға дайындап жатырмыз. Құбыр жүйесін монтаждау бойынша жұмыстар аяқталды. Мердігер болған соң біздің негізгі міндетіміз – қандай да бір кемшілік анықталған жағдайда оны жедел жойып отыру», – дейді тағы бір мердігер – «Перспективті технологиялар» ЖШС бас инженері Александр Матвиенко.
Барлық жөндеу-іске қосу жұмыстары аяқталғаннан кейін риддерліктердің үйлеріне жылу беріле бастайды.
Еске салсақ, осыған дейін Риддердегі жылу электр орталығында кадр тапшылығы мәселесі бар екенін хабарлаған едік.