Риддер жылу орталығындағы үш қазандықты жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласындағы жылу электр орталығында үш қазандықты жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Риддер жылу орталығындағы үш қазандықты жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын

ШҚО әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, Риддер ЖЭО-дағы жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр.

«Орталықтағы жұмыстарға 14 мердігер ұйым тартылған. Оның ішінде 9-ы қазандық агрегаттарын жөндеумен айналысып жатыр. Жоспар бойынша 25 тамызға қарай №1 қазандық - 83%, №2 қазандық - 90, 6%, №3 қазандық -77%, № 4 қазандық - 61, 9%, №5 қазандық - 55, 4%, №6 қазандық - 66, 5% дайын болады», - делінген ақпаратта.

Жылу электр орталығындағы жұмысты Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметов күн сайын өзі қадағалап жүр. Мердігерлермен апта сайын жиналыс өткізіп тұратын ол жұмысшылар мен материалдар қолда тұрғанда жұмыс қарқынын тездетуді тапсырған.

Басты назар жылу көзіне ғана емес, риддерліктердің үйлеріне жеткізілетін жылу желілеріне де аударылып отыр. Қала әкімі Дәулет Батырбаев жылу желілеріндегі қысымды бақылап, «Востоквзрывпром» ЖШС және «Терезе» ЖШС мамандарымен бірлесе жұмыс істеп жатыр.

Еске салсақ, осыған дейін Риддер жылу орталығындағы күрделі жөндеу жұмыстары жартылай аяқталғаны хабарланған.