Риддерде қар көшкінінен кейін халық сусыз қалды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында бұрқасын болып, жел екпіні секундына 28 метрге дейін жетіп тұр. Қар да қалың түскен.

Өскемен
Фото: Нелли Нигматуллина

Қала әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, 22 қаңтар күні сағат 14:00-де Громотуха өзенінің маңындағы тау шатқалында қар көшкіні жүрген. Соның салдарынан «ЛК-ГЭС» ЖШС-ның су жинағышында су деңгейі төмендеп кетті.

- Халықты сумен қамтамасыз ету мақсатында су электр станциясы мен «Қазцинк» ЖШС-не су беру уақытша тоқтатылды. «Су арнасы» кәсіпорнындағы резервтік жер асты су алғышын іске қосуға дайындық жүріп жатыр. Қар көшкіні сумен шайылады. Жағдай бақылауда, - делінген ақпаратта.

Синоптиктердің болжауынша, 23 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысында қар жауып, бұрқасын мен көктайғақ болып, екпіні секундына 28 метр болатын жел сақталады.

Еске салсақ, осыған дейін Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары қыс кезінде тауға шыққанда қандай қауіпсіздік ережелерін сақтау керектігін еске салғаны хабарланған.

 

Соңғы жаңалықтар