Риддерде өзенге ағып кеткен квадроцикл жүргізушісін іздеу жұмыстары жалғасып жатыр

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында Кедровка өзеніне ағып кеткен 64 жастағы ер адам әлі табылмай жатыр. 

Риддерде өзенге ағып кеткен квадроцикл жүргізушісін іздеу жұмыстары жалғасып жатыр
Фото: ШҚО ТЖД баспасөз қызметінен

Оқиға 31 тамыз күні болған. Квадроцикл тізгіндеп келе жатқан ер адам Кедровка өзеніне құлаған. Қасындағы досы өз бетімен жағаға шығып үлгергенімен жүргізушіні ағын алып кеткен. Содан бері еріктілер мен құтқарушылар жүргізушіні іздестіріп келеді.

дрон
Фото: ШҚО ТЖД баспасөз қызметінен

— Іздестіру жұмыстарына қайықтар, өтімділігі жоғары техника мен дрондар тартылған. Алайда Риддер аймағында жауын-шашын толастамай, өзендегі су деңгейі күрт көтеріліп кетті. Өзеннің ағысы өте қатты. Сондықтан әзірге еш нәтиже жоқ, — деп хабарлады ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінен.

Құтқарушыларға көмек көрсету үшін Бутаково ауылының тұрғындар келді. Қазір өзен арнасы мен жағалау бойы мұқият тексеріліп жатыр.

Риддерде өзенге ағып кеткен квадроцикл жүргізушісін іздеу жұмыстары жалғасып жатыр
Фото: ШҚО ТЖД баспасөз қызметінен

— Еріктілердің өз қайықтары бар. Алайда әуеден шолу жасау үшін дрондар жетіспейді, — делінген ақпаратта.

Еске салсақ, осыған дейін Алматыда самокат айдаған жасөспірімдер нәресте арбасын қағып кеткені хабарланған

Соңғы жаңалықтар