Риддерде полицейді ұрған ер адам 2 жылға сотталды
Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында полицейді ұрған ер адамға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға осы жылдың қыркүйек айында Риддер қаласында болған. Ер адам қызметтік міндетін атқарып жүрген полиция қызметкерін өз үйінің ауласында бетінен жұдырықпен ұрып жіберген. Осыған байланысты сот ісі қалалық сотта қаралды.
«Айыпталушы ҚР Қылмыстық Кодексінің 380-бабы 3-бөлігімен (Билік өкіліне өміріне немесе денсаулығына қауіпті емес күш қолдану) кінәлі деп танылды. Сот шешімімен ол 2 жыл мерзімге бас бостандығын шектелді. Енді ер адамға осы уақыт аралығында пробациялық бақылау орнатылады», - делінген Риддер қалалық сотының мәліметінде.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Еске салсақ, осыған дейін ШҚО Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы сотталғанын хабарлаған едік.