Риддерде сіріңкемен ойнап жүрген бала үйін өртеп жіберді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Риддерде кішкентай бала ойнап жүріп үйін өртеп алды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі ШҚО ТЖД «ӨҚжАҚЖ» ММ-іне сілтеме жасап.

Риддерде сіріңкемен ойнап жүрген бала үйін өртеп жіберді

Өрт Полярная көшесіндегі жер үйде болған. Үйдегі үлкендер өз істерімен айналысып жатқанда, сіріңкемен ойнап отырған бала диванды өртеп жіберген. Өртті бірінші болып үй иесі байқап, немересі мен егде жастағы анасын далаға шығарған. Осыдан кейін ол өрт сөндірушілерді шақырып, өз күшімен отты сөндіруге кіріседі. Үй иесі өрт сөндірушілер келгенше, тілсіз жауды ауыздықтап үлгереді. Алайда, мойны мен бетін аздап от шарпыған. Дереу жеткен медицина қызметкерлері алғашқы көмек көрсетті. Өрт ауданы бес шаршы метрді құрады.

Балалардың тентектігінен болатын өрт оқиғалары жиі кездеседі - аймақта бір жылда 29 өрт болған.

Қайғылы оқиғаның алдын алу мақсатында өрт сөндіру қызметі сіріңке, оттық және тағы басқа қауіпті заттарды балаларға қолжетімді жерге қоймауға, оларды қараусыз қалдырмауға кеңес береді.