Риддерде табылған қонжық Өскемендегі зообаққа жеткізілді
ӨСКЕМЕН.KAZINFORM — Риддер қаласындағы саяжайлар аумағын бірнеше күн бойы айналшықтап жүрген қонжық қазір Өскемендегі зообаққа жеткізілді.
Анасынан айырылып, жабайы табиғатта өмір сүре алмай қалған қонжық қала аумағына кіріп кеткен. Оны байқаған жергілікті жұрт тамақтандырып та жүрген.
Көп ұзамай Орман және аңшылық шаруашылығының жедел әрекет ету тобының қызметкерлері келіп түз тағысын торға түсіріп, Өскемендегі Солжағалау зообағына жеткізді.
— Қонжық ұзақ уақыт аш жүргендіктен қатты әлсіреген. Қазір ол ветеринарлардың бақылауында. Қажетті екпелер салынып жатыр, — дейді Солжағалау саябағы кешенінің бас ветеринарлық дәрігері Жұмағали Қадырбаев.
Қазір қонжық ет, жарма, көкөніс және жеміс-жидекпен қоректеніп жатыр.
Еске салсақ, осыған дейін Риддерде жедел топ аюларды үркітіп, елді мекен маңынан алшақтатқаны хабарланған.