Риддердегі күш сынасу экстримінде ШҚО-ның ең мықты атлеттері анықталды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Риддер қаласында өткен күш сынасу экстримінде Шығыс Қазақстанның ең мықты спортшылары жиналды.

Спортшылар бес күрделі әрі стандарттан тыс сайыс түрінде күш сынасты. Турнир барысында қатысушылар ауырды көтеріп, мықтылықтарын паш етті.
Темір, тас және автобус
Турнирде төзімділік пен күш сыналды. Мысалы, 100 келілік бөренені бір минут ішінде мүмкіндігінше көп рет көтеру қажет болды. Ал «Аполлон осі» жаттығуында тік тарту (становая тяга) салмағы 300 келіге дейін жетті. Эстафета кезеңінде спортшылар 70 келілік тасты көтеріп, 80 келілік дөңгелекті аударды.
Тағы бір сынақ — үш тасты (80, 90 және 110 келілік) арнайы тұғырға көтеру. Ең соңғы, әрі ең күрделі кезең — салмағы бес тоннаны құрайтын автобусты жылжыту. Алайда бұл сыннан ешкім өте алмады.

— Бұл турнир біз үшін жай ғана жарыс емес, командалық рухтың символына айналды. Жарыс өте әсерлі өтті, көрермендер мен жастардың қызығушылығы жоғары болды. Көпшілігі өз күшін сынап көргісі келеді. Турнир жоғары деңгейде ұйымдастырылды, — деді «Стронг Мэн» ШҚО федерациясының президенті Максим Осипов.

Турнирдің жеңімпазы Өскемен қаласынан келген пауэрлифтингтен спорт шебері Вадим Макарцев болды. Ол бұл спортпен он жылдан бері айналысып келеді.
Күміс жүлдені Артём Погребной иеленсе, қола медаль риддерлік спортшы Матвей Скалабердинге бұйырды. Жеңімпаздарға медальдар, дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табысталды.

Әйелдер де осал емес
Турнир аясында әйел спортшылардың да өнері көрермендердің ерекше ықыласына бөленді. «Зілбалға ұстау» сайысында пауэрлифтингтен спорт шебері Ольга Душаева жеңімпаз атанды. Ол алдағы уақытта Қазақстан намысын Ресейде өтетін халықаралық турнирде қорғайды.

— Осы турнирді екінші жыл қатарынан өткізіп отырмыз. Негізгі мақсатымыз — жастар арасында спорт түрлерін насихаттау және салауатты өмір салтын қалыптастыру, — деп хабарлады Риддер қаласы әкімдігінен.
Еске салсақ, осыған дейін Қазақстан құрамасы ескек есу спортынан Азия чемпионатында 12 медаль алғаны хабарланған.