Риддердегі жалғыз жағажай жабылуы мүмкін
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласының тұрғындары шомылатын жалғыз өзен ресми түрде қауіпті деп танылып, жабылуы мүмкін.

Жаздың аптап ыстығында риддерліктер бала-шағаларымен Журавлиха өзеніндегі жағажайға жиналады. Алайда жергілікті билік енді бұл жерді жабу жоспарланғанын мәлімдеді. Оның орнына мұнда ашық бассейндер салу ұсынылып отыр.

Журавлиха - Риддер арқылы ағып өтетін 13 тау өзенінің бірі. Суы салқын әрі ағысы қатты болғанымен, дәл осы жерде халық шомылып, ыстықтан сая табады. Алайда бұл жағажай ресми тіркелмеген, инфрақұрылымы да жоқ.
- Жыл сайын кәсіпкерлерге жағажайды өз қарауына алып, құм төгіп, күтіп-ұстауын сұраймыз. Бірақ шомылу маусымы қысқа, көктемде өзен тасып, барлық еңбекті шайып кететіндіктен ешкім ниет білдірмей келеді. Демалушылар да көп емес, салынған қаржы ақталмайды, - дейді Риддер қаласы әкімінің орынбасары Қаныбек Төлеухан.

Оның айтуынша, жалғыз тиімді жол - жағалауда жасанды бассейндер салу. Жобада ересектерге арналған бір үлкен және балаларға арналған бір шағын бассейн қарастырылған. Сонымен қатар жататын ағаштар, киім ауыстыратын жерлер мен санитарлық тораптар салу да жоспарланған. Алайда бұл әзірге тек жоспар ғана. Жобаға бюджеттен қаржы бөлінбеген.
- Иә, басқа жерлерде өзен жағасында бассейн салғандарды көргенбіз. Әрине, суды тазалау, ағынды суды тарту сынды санитарлық талаптар орындалуы тиіс. Бұл жобаны іске асыру үшін қаражат керек, - деді Қаныбек Төлеухан.
Шығыс Қазақстан облысында шомылу маусымына дайындық тұрғысынан алғанда жалпы жағдай көңіл көншітерлік емес. Ресми дерек бойынша, өңірдегі 25 жағажайдың тек 8-і ғана маусымға дайын. Қалғандарында құтқару бекеттері жоқ, су түбі тексерілмеген. Ал Риддерде ресми тіркелген бірде-бір шомылу орны жоқ.

Соған қарамастан қалалық Төтенше жағдайлар бөлімінің мәліметінше, Журавлиха өзенінің түбі маусым басталар алдында тексерілген.
- Қала әкімдігінің өтініші бойынша біздің сүңгуірлер өзен түбін қарап шығып, қауіпті заттарды алып тастады. Қаладағы барлық өзен ішінде Журавлиха - ең жылысы, - дейді Риддер қалалық ТЖБ бастығы Евгений Тарасов.
Айта кетейік, жуырда Мемлекет басшысы Алакөл жағажайының жағдайына қатысты сын айтқан соң, республика көлемінде өзен-көлдерге тексеріс басталды. Риддерге де Президент әкімшілігінен мемлекеттік инспектор келіп, Журавлиха өзенін аралап көріп, бұл жерде шомылу қауіпсіз емес деген қорытынды жасаған.

Қазіргі уақытта риддерліктер басқа жер болмаған соң, сол қауіпті жағалауға келуге мәжбүр.
– Бізде басқа баратын жер жоқ. Мұнда ғана су бар. Балалар да суға түскісі келеді. Қауіпті екенін білеміз, сондықтан балаларды көзден таса қылмаймыз. Шығыс Қазақстандағы екінші ірі қалада бірде-бір ресми шомылуға болатын жағажайдың болмауы – ұят жағдай, - дейді жергілікті тұрғындар.
Риддерде бассейндердің салыну-салынбауы келесі жылдың бюджеттік жоспарына байланысты болмақ.
Еске салсақ, осыған дейін Алакөлде катер қағып кеткен әйел көз жұмғаны хабарланған.