Риддердегі жылу орталығында апат болғаны жайлы ақпарат – жалған

ЖЭО
Фото: ШҚО Ақпарат орталығы

Риддер қаласының әкімі Дәулет Батырбаев жылу электр орталығында апат болғаны жайлы ақпараттың шындыққа жанаспайтындығын мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform.

Әлеуметтік желіде Риддердегі жылу электр орталығында апат болып, үйлердің жылусыз қалғаны жайлы ақпарат тарауда. Бұған қатысты қала әкімі Дәулет Батырбаев жауап берді.

«Жалған ақпараттың тарауына жергілікті ақпараттық ресурстарда Риддер қаласы әкімі аппаратының қате тұжырымдалған хабарламасы себеп болған. ЖЭО-да жылуды тоқтату немесе қазандық агрегаттарының тоқтауы болған жоқ. Орталық қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Жылу беру және ыстық сумен қамтамасыз ету үзіліссіз жүзеге асырылуда. Желтоқсанның 10-ы күні 10 желтоқсанда БШМ 2-нің кабелі үзіліп қалды. Алайда Риддер ЖЭО-ны қалпына келтіру кезінде жүргізілген жөндеу жұмыстарының және жедел іске қосылған автоматиканың арқасында 2 сағаттан кейін қазандық көмір отынына ауыстырылып, мәселе шешімін тапты», - деді ол.

Дәулет Батырбаевтың айтуынша, ақауларды жою кезінде Риддер қаласы тұрғындарының пәтерлері мен үйлеріндегі температура +20С-тан төмен түскен жоқ, бұл бекітілген нормативтерге сәйкес келеді.

«Қазіргі уақытта Риддер ЖЭО қалыпты режимде жұмысын жалғастыруда. 4 қазандық агрегаты жұмыс істеп тұр, 2-і резервте. Қалаға жылу және ыстық су беру үздіксіз жүргізілуде. Құрметті азаматтар, әкімдіктің дұрыс емес ақпараты үшін шын жүректен кешірім сұраймын. Риддер әкімдігі алдағы уақытта да ашықтық қағидатын ұстанып, халықтың ақпаратқа қолжетімділігін сақтайды деп сендіремін», - деді әкім.

Соңғы жаңалықтар