Риддердегі төтенше жағдай: мамырда жылу орталығын реконструкциялау басталмақ

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласындағы жылу электр орталығын реконструкциялау жұмыстары 2023 жылдың мамыр айында басталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Риддердегі төтенше жағдай: мамырда жылу орталығын реконструкциялау басталмақ

ШҚО әкімі Даниал Ахметов жұмыс сапарымен Риддер қаласына барып, жылу электр орталығын қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысты.

«Қазір орталықта №5 қазандықты жөндеу және іске қосу жұмыстары аяқталды. Жексенбі күні ол ыстық режимге енгізіледі. Осы сәтте станцияда үш қазандық тұрақты жұмыс істеп тұр. Желідегі температура – 75 градус. Сегіз медициналық мекемеге Алматыда жасалған қосымша электр қазандықтары орнатылып жатыр. Бұл жүйедегі суды жүз градусқа дейін қыздыруға және ЖЭО-ға қосымша жүктемесіз әлеуметтік нысандарды жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді аймақ басшысы.

Оның айтуынша, 15 желтоқсанға дейін бұл жабдық барлық ауруханада, ал осы айдың 23-іне дейін 4 білім беру мекемесіне орнатылмақ.

«Сондай-ақ, төтенше жағдай кезінде резервте болған екі қазандықты жөндеу жоспарланған. Мамыр айында келесі жылыту маусымында осындай мәселе болмау үшін Риддер ЖЭО-ны толықтай реконструкциялауды бастаймыз. Қазір мазут пен көмір қоры жеткілікті. Күн сайын 15 вагон қатты отын жеткізіліп тұр», - деді Даниал Ахметов.