Риддердегі жылу электр орталығында тағы да апат болды

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласындағы жылу электр орталығында тағы да ақау шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін түнде Риддердегі жылу электр орталығында тағы да ақау шыққан. Осыған орай қала әкімдігі ресми мәлімдеме жасады.

«9 қарашада жылу электр орталығындағы №6 жоғары қысымды қазандық іске қосылған болатын. 10 қараша күні түнгі сағат 01:00-де температурасы 65 градусқа жеткен №6 қазандық апатты жағдайда сөндірілді. Бірден жөндеу жұмыстары басталып кетті», - деді қала әкімі Дмитрий Горьковой.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта орташа қысымды 3 қазандық жұмыс істеп тұр. Апатты жоюға барлық мамандар мен жабдықтар жұмылдырылған.

Еске салсақ, 5 қараша күні сағат 20.00-де аталған орталықтағы күл шығару жүйесіндегі сорғы істен шығып, №1 қазандық агрегатының қосалқы жабдығы апатты жағдайда ажыратылған болатын. Соның салдарынан 22 мыңнан астам абонент үшін жылу беру азайтылды.

Риддер қаласында төтенше жағдай жарияланды. Мектеп оқушылары 11 қарашаға дейін қашықтан оқуға көшірілді.

Төтенше жағдай режимі температуралық режим толық қалпына келтірілгеннен кейін алынатыны айтылды.

Ал Риддер тұрғындары ЖЭО-ны коммуналдық меншікке қайтару туралы петиция жазды.


Соңғы жаңалықтар