Риддердегі жылу орталығы «Өскемен жылу желілері» АҚ-ға берілмек
ШҚО әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, жылу электр орталығы өткен ғасырдың 50-шы жылдарында салынған. Биылғы жылыту маусымында мұнда болған 3 өрт және 2 жарылыс салдарынан көмір жеткізу жолы бұзылып, жұмысшыларға 267 тонна жанармайды қолмен жеткізуге тура келген еді. Қазір ЖЭО күрделі жөндеуден өтуде. Барлық жөндеу жұмыстары 15 қыркүйекке дейін аяқталады деп жоспарлануда.
«Қазір жөндеу жұмыстарының бірінші кезеңі басталды. Барлық 6 қазандық күрделі жөндеуді қажет етеді. Орталықтағы түрлі күрделі техникалық жабдықтарды «Казцинкмаш» зауыты жөндеуден өткізеді. Ал қалған жабдықтар ШҚО-дағы басқа зауыттарда жөнделмек. Тағы бір маңызды міндет – ғимараттың контурын жабу және жылудың сыртқа шығуына жол бермеу. Үшінші міндет – іштегі шаңды жою. Жұмысшылар мына шаң-тозаңмен тыныстамас үшін, ондаған жылдар бойы жұмыс істемеген желдеткішті қалпына келтіру қажет», - деді облыс әкімі Даниал Ахметов.
Бұдан бөлек, Риддерде соңғы 5 жылда алғаш рет жылу желілеріне гидравликалық сынақтар жүргізілген. Барлығы 3,3 шақырым құбыр ауыстырылады. Мердігерлер жұмыс қаржыландырылмай жатып іске кірісіп кетті.
«Осылайша, қазірдің өзінде станцияның барлық 6 қазандығында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бас мердігер – «Перспективные технологии-Қазақстан» компаниясы. Қазіргі уақытта жөндеу жұмыстарына жалпы саны 128 адам жұмылдырылған», - деді «Риддер ЖЭО» АҚ бас директоры Игорь Михайленко.
Жылу электр орталығының меншік нысанына қатысты мәселе де шешімін табуға жақын.
«Орталықтың мемлекеттік бақылауға өтуін қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Өкінішке қарай, бұл нысанды өз миллиардтарына жөндейтін инвестор келеді деген үміт жоқ. Ондай меценат табылмас. Сондықтан біз жұмыс істейміз. Бұл ЖЭО «Өскемен жылу желілері» АҚ құрамында болады, келісімшарт жасалды. Құқықтық мәселелер шешілуде», - деді Д.Ахметов.