Риддерліктердің үйлеріне бүгін қайта ыстық су беріле бастайды

Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласының әкімі Дәулет Батырбаев өшірілген қазандықтың қашан қайта іске қосылатындығын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

жылу-электр орталығы
Фото: Мұхтар Холдорбеков/ҚазАқпарат

ШҚО әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, жаз бойы Риддер ЖЭО-да күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Енді қала қыста жылусыз қалмауы тиіс.

Осыған дейін Риддер жылу орталығында қазандық өшіп, халық тағы ыстық сусыз қалғаны хабарланған.

Қала әкімі Дәулет Батырбаев қазандық уақытша өшірілгенін, бұның тексеру жұмыстарына байланысты қалыпты жағдай екендігін мәлім етті.

- Алғаш рет іске қосылған жабдықтар болғандықтан мұқият тексеріліп, олқылықтары болса, суық түскенге дейін ретке келтірілуі қажет. Сондықтан қазандықтың жұмысы уақытша тоқтатылды. Ыстық су үйлерге бүгін қайта беріле бастайды. Энергетикалық станциялар мен желілерді пайдаланудың техникалық қағида регламентіне сәйкес күрделі жөндеу жүргізілген жабдық 48 сағат ішінде жүктеме сынағынан өткізіледі. Жабдық 72 сағат ішінде қалыпты жүктемемен үздіксіз жұмыс істеген жағдайда кешенді сынақтан өтті деп есептеледі, – деді ол.

Соңғы жаңалықтар