Риэлторлық қызметті қатаң мемлекеттік реттеу қажет – Олжас Құспеков
АСТАНА. KAZINFORM - Риэлторлық қызметті қатаң мемлекеттік реттеу қажет. Бұл туралы бүгін Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Үкімет Аппаратының басшысы Ғалымжан Қойшыбаевқа сауал жолдаған депутат Олжас Құспеков айтты.

«Қазақстандықтар «арбитраждық баптан» көп зардап шегеді. Бұл барлық жанжалдар тек арбитражда, яғни жеке сотта шешіледі деген сөз. Бірақ, судьялардан айырмашылығы, арбитрлер ешқандай жауапкершілік көтермейді және оларды сөз байласудан, сыбайластықтан, алдау мен алаяқтықтан ештеңе тоқтата алмайды. Арбитражда шешілетін барлық даулар риэлторлық компаниялардың пайдасына шешілді. Мемлекетте риэлторларды да, арбитраждық соттарды да бақылаудың ешқандай құралдары жоқ, бұл азаматтардың құқықтарын қорғауды толық қамтамасыз етуге мүмкіндік жоқ дегенді білдіреді», - деді ол.
Оның дерегінше, Қазақстанда соңғы үш жылда жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату операцияларының саны шамамен 1,5 миллион теңгені құрады. Krisha.kz сайтындағы жылжымайтын мүлікті сату туралы хабарландырулардың кем дегенде жартысын риэлторлар жариялаған. Яғни, қазақстандықтардың көбіне амалы қалмайды және олар риэлторлармен жұмыс істеуге мәжбүр.
«АҚШ, Франция және басқа да Еуропа елдерінің тәжірибесі көрсеткендей, риэлторлық қызметті қатаң мемлекеттік реттеу, лицензиялауды енгізу, этикалық кодексті қатаң сақтау, болашақ риэлторлардың жеке басын және қылмыс жасаған-жасамағанын тексеру қажет», - деді ол.
Осыға орай депутат мынадай ұсыныстар жасады:
- риэлторлық қызметті мемлекеттік реттеуді белгілеу, оны лицензиялауды енгізу, риэлторларды міндетті оқытуды және біліктілік емтихандарын тапсыруды енгізу;
- елдегі барлық риэлторлық компаниялар үшін «арбитраждық бапты» алып тастайтын бір типтік келісімді әзірлеу;
- тәжірибе, білім, академиялық және кәсіби жетістіктері бойынша арбитрлерге қойылатын талаптарды арттыру, сондай-ақ оларға жүйелі бақылау орнату және тиісті органдарға қызметі туралы тұрақты есеп беруді талап ету.