Рим папасы алғашқы жексенбілік уағызын бейбітшілікке арнады

ВАТИКАН. KAZINFORM — Понтифик Украинада, Таяу Шығыста және Үндістан мен Пәкістан арасындағы жағдайды реттеуге шақырды, деп жазды ТАСС агенттігі.

Рим папасы алғашқы жексенбілік уағызын бейбітшілікке арналды
Фото: ТАСС

Рим Папасы Лев XIV өзінің алғашқы жексенбілік уағызын бейбітшілікке арнап, Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жыл толғанын еске салды және Украинада, Таяу Шығыста, сондай-ақ Үндістан мен Пәкістан арасындағы қақтығысты реттеуге шақырды.

— Екінші дүниежүзілік соғыстың қайғылы кезеңі 80 жыл бұрын аяқталды. Ол 60 миллион адамның өмірін қиды. Қазіргі таңдағы үзік-үзік үшінші дүниежүзілік соғыс жағдайында, бұрынғы Папа Францисктің сөзімен айтқанда, мен әлем көшбасшыларын соғысты тоқтатуға шақырамын, — деді 8 мамырда сайланған понтифик.

«Украинада әділ әрі берік бейбітшіліктің мүмкіндігінше тез орнауы үшін барлық қажетті әрекеттер жасалсын», — деп атап өтті Лев XIV. Ол өз үндеуінде «бейбітшілік» сөзін 10 рет қайталады. Бақылаушылардың пайымынша, тұңғыш америкалық Папаның понтификаты бейбітшілік пен әлеуметтік әділеттілік мәселелеріне басымдық береді.

Дүйсенбі күні понтифик Ватикандағы соңғы оқиғаларды — Папа Францисктің жерлеу рәсімі мен конклавты — жариялаған журналистермен алғашқы кездесуін өткізеді. Бұл дәстүрді оның алдында болған Папа бастаған. Ватикан баспасөз қызметінің мәліметінше, 90 елден шамамен 7 мың журналист аккредитация алған.

— Газа секторындағы жағдай мені қаттты алаңдатады. Халыққа гуманитарлық көмек көрсетіліп, барлық тұтқындар босатылуы тиіс. Мен Үндістан мен Пәкістан арасындағы атысты тоқтату туралы жаңалықты қуана қабылдадым. Алдағы келіссөздер нәтижесінде татуласу жөнінде келісім жасалады деп үміттенемін, — деді ол «Аспан Патшайымы» дұғасынан кейінгі үндеуінде.

Жаңа понтифик қасиетті Петр алаңына жиналған 100 мыңға жуық адамға арнаған сөзінде тек Франциск туралы ғана емес, Иоанн Павел II туралы да еске салып, оның әйгілі «Қорықпаңдар!» деген сөзін қайталады.

Еске сала кетейік, Роберт Прево жаңа Рим Папасы болып сайланды.

Соңғы жаңалықтар