Рим Папасы: Газа секторындағы жағдай барған сайын күрделеніп барады
ВАТИКАН. KAZINFORM – Рим-католик шіркеуінің жаңа басшысы Папа Лев XIV Газа секторындағы гуманитарлық ахуалға алаңдаушылық білдіріп, әскери әрекеттерді тоқтатып, аймаққа шұғыл түрде гуманитарлық көмекті кіргізу қажеттігін атап өтті, деп жазды Анадолы агенттігі.

Рим-католик шіркеуінің басшысы эксклавқа гуманитарлық көмекті дереу жеткізуді қамтамасыз етуге шақырды.
8 мамыр күні Конклав шешімімен сайланғаннан кейін алғаш рет жалпы қабылдау барысында сөйлеген Папа Лев XIV Әулие Петр алаңында жиналған жұртшылыққа үндеу жасады.
– Газа секторындағы жағдай барған сайын алаңдатарлық әрі жан ауыртатын сипатқа ие болып барады. Мен тағы да шынайы үндеу жолдап, гуманитарлық көмектің еш кедергісіз жетуін және әскери қақтығыстардың тоқтатылуын сұраймын. Себебі бұл адам шошырлық қасіреттің салмағын ең алдымен балалар, қарттар мен науқастар көтеріп отыр, – деді понтифик.
Папа Лев XIV сондай-ақ барша діндарларды күн сайын бейбітшілік үшін және «жүректердің қарудан арылуы» үшін дұға етуге шақырды.
Газа секторындағы ахуал
18 наурыз күні Израиль армиясы 19 қаңтарда енгізілген атысты тоқтату мерзімі аяқталған соң, Газадағы шабуылдарын қайта күшейтті.
Сол уақыттан бері 3 427 палестиналық қаза тапты, олардың басым бөлігі — қарттар, әйелдер және балалар. Тағы 9 647 адам жарақат алды.
2023 жылғы 7 қазанда басталған жаппай шабуылдардан бері қаза тапқандардың жалпы саны 53 573 адамға, ал жараланғандар саны 121 688 адамға жетті.
Израиль армиясы Газада оккупацияны кеңейтіп, бекітуге бағытталған шабуыл жоспарын іске асыра бастады. Премьер-министр Биньямин Нетаньяху эксклавтың толықтай оккупацияланатынын мәлімдеді.
Осы жоспарға сәйкес, Израиль әскерлері Газада тұрақты бақылау орнатып, палестиналықтарды эксклавтың оңтүстігіндегі арнайы «концентрациялық лагерьлерге» мәжбүрлі түрде көшіруді көздеп отыр. Бұл лагерлерде тек күн көруге жетерлік ең аз гуманитарлық көмек көрсетілмек.
Израиль министрлері Газа секторында аман қалған барлық инфрақұрылымды жою және палестиналықтарды — алдымен оңтүстікке, кейін эксклав шегінен тыс елдерге күштеп көшіру ниеті барын мәлімдеді.
Израиль үкіметі аштықтың алдын алу мақсатында Газадағы азық-түлік импортына шектеулі рұқсат бергенін хабарлады. Дегенмен, ультраоңшыл күштердің қарсылығына қарамастан, дүйсенбі күні эксклавқа тек бес жүк көлігімен ғана гуманитарлық азық жеткізілді.