Рим Папасы XIV Лев өкпесіне жасалған отадан кейін ауруханадан шықты

АСТАНА. IKAZINFORM — Рим Папасы XIV Лев өкпесіндегі қатерлі ісікті алып тастау операциясынан төрт күн өткен соң Римдегі «Джемелли» клиникасынан шықты, деп жазды BBC.

Рим Папасы XIV Лев өкпесіне жасалған отадан кейін ауруханадан шықты
Фото: Reuters

71 жастағы понтифик ауруханадан өз аяғымен шығып, өзін күтіп тұрған көлікке дейін жаяу барған. Жолай жиналған адамдармен тілдесуге де уақыт бөлген.

Ватиканның хабарлауынша, жексенбі күні понтифик дәстүрлі «Ангелус» дұғасын оқып, Әулие Петр алаңына жиналған жұртқа батасын береді. Ол өткен аптада да осы рәсімді өткізіп, алдағы операциясы туралы мәлімдеп, әлем жұртшылығын таңғалдырған болатын.

Жұма күні Папаның аурухана қызметкерлеріне месса өткізіп, оларға қасиетті дәм ұсынған сәтінен түсірілген фотосуреттер жарияланды.

Емдеуші дәрігерлердің мәлімдеуінше, қан талдауы мен кеуде қуысының рентгендік зерттеу нәтижелері хирургиялық операциядан кейінгі жағдайының «тұрақты жақсарып келе жатқанын» көрсеткен.

Сейсенбі күні өткен операция 90 минутқа созылған. Дәрігерлер оң жақ өкпенің төменгі бөлігін алып тастаған. Қатерлі ісіктің басқа ағзаларға таралған-таралмағанын анықтауға арналған қосымша зерттеулердің нәтижесі әзірге жарияланған жоқ.

Жұма күні Папа Ресей президенті Владимир Путинмен де телефон арқылы сөйлескен. Бұл – олардың 2025 жылғы маусымнан бергі алғашқы әңгімесі. Ватиканның хабарлауынша, тараптар «диалог пен бейбітшілікке» шақыру мәселесін талқылаған.

Айта кетейік, Рим Папасы Лев XIV Парижде 700 мың адам қатысқан месса өткізген болатын.