Римде жылдамдық шектеуі сағатына 30 шақырымға дейін төмендетілді
АСТАНА. KAZINFORM — Италияның астанасы Рим қаласының орталығында көлік қозғалысының жылдамдығы сағатына 30 шақырыммен шектелді, деп хабарлайды Анадолы.
Рим муниципалитеті 14 қаңтарда ресми түрде жариялаған шешімге сәйкес, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мақсатында қала орталығындағы шектеулі қозғалыс аймақтарында (ZTL) және мыңға жуық көшеде жүргізушілер үшін жылдамдықтың ең жоғарғы шегі 30 км/сағ болып белгіленді.
Осыған байланысты жол қозғалысына жауапты Рим қалалық полициясы аталған аймақтарда патрульдеу мен бақылауды күшейтті.
Қалалық кеңестің көлікке жауапты мүшесі Эудженио Патане бұл шара жол-көлік оқиғаларының саны мен соған байланысты шығындарды азайту үшін қабылданғанын атап өтті.
Оның айтуынша, тәртіптің сақталуын бақылау үшін қаланың басты көшелерінің бірі — Кристофор Колумб көшесіне жаңа жылдамдық бақылау камералары орнатылады.
Сонымен қатар қала бойынша қауіпсіздігі жоғары 175 жаңа жаяу жүргінші өткелі салынбақ.
Айта кетейік, елдің солтүстігіндегі Болонья қаласында осындай жылдамдық шектеуі екі жыл бұрын енгізілген, оған қарамастан орталық үкімет бұл бастамаға қарсы пікір білдірген еді.
Осыған дейін туристер Римдегі Треви субұрқағына жақындау үшін екі еуро төлеуге мәжбүр болатынын жаздық.