Римге апарар жол: Тоқаевтың Италияға сапарынан не күтеміз

италия
Коллаж: DALL-E, freepic, Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы алғашқы сапарын Еуропадан бастайды. Ол 18-19 қаңтарда Италияға және әлемдегі ең кішкентай мемлекет Ватиканға барады. Президенттің ресми сапарынан не күтеміз және бұған дейін мемлекеттер арасында қандай қарым-қатынас болды? Толығырақ сарапшымыздың шолуынан оқыңыз.

2024 жылғы алғашқы ресми сапар

Қасым-Жомарт Тоқаев сапарының бірінші күнінде Италия Президенті Серджо Маттарелла және премьер-министрі Джорджа Мелонимен жүздеседі. Сонымен қатар, италиялық бизнес өкілдерімен кездесіп, екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың келешегін талқылайды.

Осы уақытқа дейін Қазақстан Президенті Италияның қазіргі көшбасшыларымен ресми кездеспеген. Мемлекеттердің бұрынғы басшылары кездескен және сапар шеккен.

Былтыр 23 мамырда премьер Джорджа Мелони Қасым-Жомарт Тоқаевқа қоңырау шалып, тараптар саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылаған. Сонымен қатар, энергетика, көлік, өнеркәсіп кооперациясы және ауыл шаруашылығы салаларындағы жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қатысты мәселелер қаралған.

Италияға қысқаша тоқталсақ...

Италия – унитарлы парламенттік республика. Мемлекет басшысы – президент. Атқарушы билік пен Үкіметті Италия министрлер кеңесінің төрағасы басқарады. Заң шығарушы билік – 5 жылға сайланатын екі палаталы парламент.

Италия президенті – Серджо Маттарелла. 2022 жылдың шілдесінде саяси дағдарысқа байланысты Италия үкіметі отставкаға кетті. 2022 жылдың қыркүйегінде елде кезектен тыс парламент сайлауы өтті. Нәтижесінде Джорджа Мелони жетекшілік ететін «Италия бауырлары» партиясы Сенатта да, депутаттар палатасында да айтарлықтай көп дауыс жинады. Оңшыл күштердің жеңісі Италияда 1945 жылдан бері бірінші оңшыл үкіметті құруға мүмкіндік берді.

Джорджа Мелони кім?

Сөйтіп, Джорджа Мелони 2022 жылғы 22 қазаннан бері Италияның үкімет басшысы қызметіне келді және ел тарихындағы алғашқы әйел премьер-министр болды.

Ол 1977 жылы туған. Саясатқа мектеп қабырғасында жүрген кезінен араласа бастаған. Мелони 15 жасында неофашистік италиялық әлеуметтік қозғалыс атанған «Жастар майданы» ұйымының мүшесі болды. Кейін оңшыл радикалды студенттік қауымдастық «Ұлттық альянсты» басқарды. Ал 2006 жылы Италия парламентінің депутаттар палатасына сайланды. 2008 жылы 31 жастағы Мелони Сильвио Берлускони Үкіметіндегі Жастар және спорт министрлігіне басшылық етіп, Италия тарихындағы ең жас министр болды.

италия
Фото: theepochtimes.com

Демек, Джорджа Мелони премьер болғанға дейін бірнеше лауазымды қызмет атқарған және оның көзқарастарына келсек, бүгінде ЕО-ны еркін экономикалық одаққа айналдыру процесінде Италия көшбасшы бола алады деп үміттенеді. Сарапшылардың айтуынша, Джорджа Мелони өзінің уақыты келгеніне сенімді. Бұл туралы толығырақ мына жерде жазғанбыз.

Мемлекет басшысының ресми сапарынан не күтеміз?

Ақорданың баспасөз қызметі Президент «Қазақстан-Италия» инвестициялық дөңгелек үстеліне қатысып, бірқатар ірі компания басшыларымен кездесуді жоспарлағанын хабарлады. Сондықтан Италия өнеркәсібінің ЕО-дағы жетекші позицияларын ескере отырып, Қазақстан мен Италия арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық қатынастар Мемлекет басшысының италиялық бизнес өкілдерімен (ENI, Bonifiche Ferraresi, Cassa Depositie, Prestiti және т.б.) кездесуінің маңызды бөлігі болады деп күтіледі.

ҚР Сыртқы істер министрлігі Мемлекет басшысы талқылайтын салаларды тарқатып келтірді: Президент энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы және ақпараттық технологиялар саласындағы жаңа бағыттарды анықтау, екіжақты ынтымақтастықты арттыру бойынша қазақстандық бастамаларды ілгерілету (агробизнес, сирек металдар, TMTM, жасыл энергетика және тамақ өнеркәсібі, мұнай қызметтері) бойынша келіссөздер жүргізеді.

Италия – Қазақстанның ең ірі үш сауда-экономикалық серіктесінің бірі

Италия – Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатындағы басымдық беретін, маңызды бағыты және стратегиялық серіктесі.

Мемлекеттер арасында дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы 21 тамызда орнады. 1992 жылдың қазанында Қазақстанда Италия елшілігі, ал 1996 жылы Италияда Қазақстан Республикасының елшілігі ашылды. 2009 жылы Италия мен Қазақстан арасында мемлекетаралық стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол қойылды.

Екі ел арасындағы 30 жылдан астам дипломатиялық қарым-қатынастар барысында сындарлы саяси өзара іс-қимыл жолға қойылды, өнеркәсіп-экономикалық ынтымақтастық және алмасу жөніндегі үкіметаралық жұмыс тобы құрылды.

Мемлекеттердің басшылары және премьер-министрлері, лауазымды тұлғалары екі тарапқа бірнеше рет сапармен барып, дипломатиялық қарым-қатынас қарқынды дамып келеді.

Сондай-ақ, 2019 жылы Италия Орталық Азиядағы 1+5 үйлестіру бастамасын бастады, оған Қазақстан да қатысып, айтарлықтай үлес қосып жатыр.

Тауар айналымы бойынша 2022 жылғы сыртқы сауда айналымының жалпы көлемінде 11,5%-дан астам үлесімен Ресей Федерациясы және Қытайдан кейін үшінші орында.

инфо
Фото: Kazinform

Ал, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының мәліметінше Қазақстанда Италияның қатысуы бар 303 компания тіркелген (2023 жылдың қазанындағы деректер). Негізінен кәсіпорындар құрылыс, сауда және ғылыми-техникалық қызмет салаларымен айналысады. Энергетика саласында Қазақстанның мұнай-газ саласындағы ең ірі серіктесі – Eni S.p.A.

ENI – мұнай мен газды барлау, өндіру, тасымалдау, өңдеу және өткізу сияқты салаларда дамуды мақсат ететін ірі интеграцияланған энергетикалық компания. Әлемнің 79 елінде 80 мың адамды жұмыспен қамтиды.

Ал Қазақстанда компания 1992 жылдан бері жұмыс істейді. Негізгі қызмет Батыс Қазақстан облысындағы Қарашығанақ кен орнында және Солтүстік Каспийдің таяз суларында Солтүстік Каспий ӨБК кен орнында жүзеге асырылады.

Айта кетейік, Қазақстаннан Италияға 2023 жылғы қаңтардан қазанға дейін 11,8 миллиард долларға 20,1 миллиард тонна шикі мұнай мен шикі мұнай өнімдерін экспортталды.

инфо
Фото: Kazinform

Айта кетейік, былтыр Қазақстан Премьер-министрі Әлихан Смайылов елімізге ресми сапармен келген Италия Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары – сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрі Антонио Таянимен кездескен. Сол кезде Қазақстан Италияға жалпы құны $900 млн болатын 110 тауар позициясы бойынша өнім экспортын арттыруға дайын екені белгілі болған.

Мәдени-гуманитарлық байланыс

Білім беру саласында қазақстандық және италиялық жоғары оқу орындары арасында 30-дан астам келісімдер жасалды, соның ішінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Римнің Сапиенца университеті, Қазақ ұлттық өнер университеті және Неапольдегі Салерно және Сан-Пьетро а-Мажелла мемлекеттік консерваториялары арасында байланыс орнатылған. Студенттік алмасу бағдарламалары бойынша белсенді ынтымақтастық жалғасып келеді (Сапиенца, Салерно, Касино, Неаполь және Феррара университеттері).

Сондай-ақ, былтыр 30 қарашада Алматыда Орталық Азиядағы жалғыз Италия мәдениеті институты ашылды. Ал, қазанда Өскемендегі Аманжолов атындағы университет базасында Генуя университетінің филиалын ашу туралы келісімге қол қойылды. Қазақстандық студенттер италиялық университеттің филиалында білім алып, қос диплом ала алады.

италия
Фото: ambastana.esteri.it

Сонымен қатар, 2023 жылғы қазанда жарық көрген «Қазақстан. Шексіз кеңістік, шексіз сұлулық» нұсқаулық итальян тіліндегі маңызды мәдени және имидждік жобалардың біріне айналды.

«2050 жылға дейін бірге»

Айта кетейік, екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығына орай Италияның Қазақстандағы елшілігі «2050 жылға дейін бірге» бағдарламасын жариялады. Бұл туралы Италияның Қазақстандағы Елшісі Марко Альберти Kazinform тілшісіне берген сұхбатында толығырақ тоқталған еді.

Бағдарламаның атауының өзі – біздің байланысымыздың келесі аралық есеп беретін кезеңді, ал «бірге» сөзі – оған жету жолы екенін білдіреді. Біз іс-шаралар мен жобаларды біріктіру принципіне негізделген бастамалардың кешенді бағдарламасын әзірлеу және құрылымдауды шештік. Жобалар ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа бағытталған. Біз үш негізгі қозғаушы күш – ынтымақтастық, инновация және білім бойынша күш біріктіруге тырыстық, – деген болатын дипломат.

Қорыта айтсақ, Италияның ауыл шаруашылығы өнімдерін ірі әлемдік өндіруші (шарап өндірісі бойынша 1-орын, зәйтүн майы өндірісі бойынша 2-ші және ірімшік өндірісі бойынша 4-ші орын) ретіндегі жетекші позициясын ескере отырып, мемлекеттер арасындағы агроазық-түлік секторындағы ынтымақтастықтың келешегі жақсы болады деген болжам бар.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының Италияға сапары екіжақты әріптестіктің жаңа өзара тиімділігін кеңейтуге қосымша серпін беріп, сауда-экономика және инвестиция салаларындағы өзара іс-қимыл аясын кеңейтуге мүмкіндік береді.

Ватиканға сапар

Италиядан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ватиканда Рим Папасы Францискпен кездеседі.

Бұған дейін 2022 жылдың қыркүйегінде Рим Папасы Франциск Қазақстанға келіп, Астанада өткен Әлемдік діндер мен дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне қатысқан.

Жалпы осы уақытқа дейін Рим Папасы Қазақстанға екі рет келді: 2001 жылы тәуелсіз Қазақстанға 10 жыл толғанда алғаш рет Рим Папасы Иоанн Павел II елімізге келсе, екінші рет жоғарыда айтылған Францисктің 2022 жылғы сапары болды.

ватикан
Фото: akorda.kz

 

Соңғы жаңалықтар
telegram